Accessibility links

Ресей тергеу комитеті Евгений Пригожиннің қазасын растады


Евгений Пригожин.
Евгений Пригожин.

Ресей тергеу комитеті "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожиннің қазасын растады. Ведомствоның мәлімдеуінше, Тверь облысында ұшақ апатынан қаза болған 10 адамның бәрінің аты-жөні анықталған. Олар ұшу тізіміндегі адамдардың аты-жөнімен сәйкес келеді.

Бұған дейін Тверь облысында 23 тамызда апатқа ұшыраған жеке ұшақтағы жолаушылар тізімінде Пригожин мен "Вагнер" командирлерінің бірі Дмитрий Уткин болғаны айтылған еді.

Тергеу органдары әзірге ұшақ апатының себебін айтпады. Телеграм арналар мен ақпарат құралдарында апат себебі төңірегінде түрлі болжам айтылып жатыр. Кейбірі бортта жарылыс болғанын немесе ұшақты әуе қорғанысы атып түсіруі мүмкін екенін айтты.

Пригожин пайдаланып жүрген Embraer жеке ұшағы Мәскеуден Санкт-Петербургке ұшып, 23 тамызда апатқа ұшыраған. Құтқарушылар апат орнынан 10 мәйіт тапқан.

  • Екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған. Бүлік кезінде Ресей әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы құлаған. Путин "Вагнер" бүлігін "сатқындық" деген еді. Артынша Пригожин Мәскеуге жетпей жасағын кері бұрғанын мәлімдеді. Осыдан соң бүлікке қатысты қозғалған қылмыстық іс кейін тоқтап, "Вагнер" жасағы Александр Лукашенконың шақыртуымен Беларуське аттанған еді.
  • Евгений Пригожин – Путинге жақын бизнесмен. Ол ресторан бизнесін ұйымдастырушы ретінде танылды. Пригожин Кремльді тамақпен қамтамасыз еткендіктен, жұрт оны "Путиннің аспазы" деп атайды. Кейін Пригожин мен Уткин "Вагнер" жеке әскери тобын құрған. "Вагнер" бейресми түрде Кремльдің атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты. Украинадағы соғыс кезінде "Вагнер" Бахмут үшін шайқасты. Кейін Пригожин Ресей қорғаныс министрі мен Ресей әскерінің қолбасшыларын жиі сынап, талаптар қоя бастаған. Бүліктен соң "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа араласуын тоқтатып, Пригожин жұрт көзіне сирек түсетін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG