Accessibility links

БҰҰ Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне "Ислам мемлекеті" тобынан қауіп барын айтты


AFGHANISTAN SECURITY
AFGHANISTAN SECURITY

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік ұйымның Хорасан тармағы "Ауғанстан мен оған көрші Орталық Азия елдеріне террорлық қатер төндіріп" тұр дейді.

Қауіпсіздік Кеңесінің баяндамасында ИМ тобында 4 мыңнан 6 мыңға дейін (отбасы мүшелерімен қоса) адам бар деген болжам айтылған. Экстремистік топ "Хорасан дауысы" деген пропагандалық басылымын пушту, парсы, тәжік, өзбек және орыс тілдерінде таратып, өз қатарына аймақтағы елдерден адам тартуға тырысады.

Бұған дейін Ауғанстандағы ИМ содырларының саны бұдан азырақ деп көрсетіліп келген. Орталық Азия аймағындағы кейбір мемлекеттер "Хорасан" тобындағы содырлар мен олардың отбасы мүшелерін қоса есептегенде үш жарым мыңға жуық адам деп айтатын.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі баяндамасы мен мәлімдемесін БАҚ 25 тамызда таратқан.

"ИМ тобы мен тармақтары жанжал болып жатқан елдер мен ондай елдерге қоңсы орналасқан елдерге айтарлықтай қауіп төндіріп отыр" делінген мәлімдемеде. Ақпаратта ИМ-нің Хорасан тармағының мүмкіндіктері ұлғайып, олар "Талибанға" және халықаралық нысандарға шабуыл жасауға әккі болып алғаны жазылған.

ИМ тобы биыл 30 шілде күні "Жамиат Улема-и-Ислам" ("Ислам дін қызметкерлерінің жиыны") партиясының съезіне жасаған шабуылы ірі қантөгіске ұласты: кемінде 63 адам өліп, 100-ден астамы жараланған.

Бұған қоса экстремистік топ өткен аптада Ауғанстан астанасында болған шабуылға жауапкершілікті мойнына алған. Кабулдағы шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, бір адам жараланған.

Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университетінің профессоры Әли Ахмад Жалали Азаттықтың Ауған қызметіне берген сұхбатында бұрын "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда билікке келгенге дейін қалай іс-әрекет жасаса, дәл қазір ИМ тобы солай қимылдайтынын айтты.

"Қазір "ИМ-Хорасан" тобының мүшелері Ауғанстан мен Пәкістанға шоғырланған. Бұрын Талибан үкіметке қарсы қалай күрессе, бұлар қазір тура солай іс-әрекет жасап жатыр. Яғни адамдардан алым-салық жинап, есірткі контрабандасынан, пайдалы қазбаны заңсыз игеруден табыс табады, халықты қорқытып-үркітіп, ұйымдасқан қылмыспен айналысады. Бәлкім қазір әлемде ИМ тобының содырларын қанатының астына алып, көмектесіп отырған күштер бар болуы да мүмкін" дейді Жалали.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобының Ауғанстандағы тармағын Батыста "ИМ-Хорасан" тобы деп атайды. Бұл топ ең алғаш рет 2015 жылы іс-әрекетімен назарға ілінген. Топ негізінен Ауғанстан мен Пәкістан жерінде іс-қимыл танытып жүргенімен, ежелгі Хорасан атауы қазіргі Түркіменстан, Иран, Өзбекстан мен Тәжікстан аумағын тұтас қамтиды. "ИМ-Хорасан" тобының орталығы Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаятында орналасқан. 2016 жылы қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаменті "ИМ-Хорасан" тобын террорлық ұйымдар тізіміне қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG