Accessibility links

Ресей Полтаваға зымыран атып, бірнеше адам қаза тапқан


Ресейдің зымыран шабуылынан бүлінген үй.
Ресейдің зымыран шабуылынан бүлінген үй.

Дүйсенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаның Полтава облысын зымыранмен шабуыл жасады. Салдарынан кемінде екі адам қаза тауып, екі адам жараланған. Тағы екі адам хабар-ошарсыз кеткен. Шабуылдан қираған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы бүгін таңертең Полтава облыстық әскери әкімдігінің басшысы Дмитрий Лунин хабарлады. Оның айтуынша, зымыран өнеркәсіп нысанына тиіп, өндіріс цехы толығымен қирап-бүлінген.

Украина президенті кеңсесінің дерегінше, Ресейдің зымыран шабуылы салдарынан Полтава облысы Миргород ауданы Гоголево кентінде май өндіретін цех өртенген. Түнгі ауысымда жұмыс істеп жүрген адамдардың кейбірі қаза тауып, кейбірі жараланған деп хабарлады президент кеңсесі.

Днепропетровск облыстық әкімшілігінің басшысы Сергей Лысактың хабарлауынша, Ресей армиясы "оңтүстік бағыттан тактикалық авиацияны қолдана отырып", Кривой Рог қаласына зымыранмен шабуыл жасаған. Саябақта кемінде жеті үй қирап-бүлініп, өрт шыққан.

Жергілікті биліктің ақпараты бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ақпарат түспеген, бірақ шабуылдың салдары қандай болғанын анықтап жатырмыз деп жазды Лысак.

Өткен түнде Украинада бірнеше қалада әуе шабуылы туралы дабыл соғылған. Украина қарулы күштері telegram-каналында Ресей әскері "Калибр" зымырандарын Қара теңіздің актваториясынан ұшырған деп хабарлады.

Украинаның Николаев, Херсон, Днепропетровск, Запорожье, Одесса, Кировоград, Черкасск, Донецк, Харьков, Полтава, Сумы, Житомир, Винница, Киев, Хмельницкий, Ровно, Тернополь және Чернигов облыстарында дабыл қағылды.

Украина қарулы күштері Ресей ұшырған алты зымыранның төртеуін – екі "Калибр" мен екі Х-59 жойғанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG