Астананың қоғамдық кеңесі қаланың 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған бас жоспары жобасын талқылау кезінде халық саны мәселесін көтеріп, жақсы өмір сүру үшін аймақтардан астанаға көшіп келіп жатқандар көбейіп бара жатқанын, оның шектен тыс артуына жол бермеу жайын сөз етті деп хабарлайды "Информбюро" сайты.
Басылым талқылау қорытындысында "Қоғамдық кеңес мүшелері бас жоспар дайындаушылардың ұстанымын қолдайды: тұрғын санын шектен тыс көбейту, әсіресе көші-қон процесі есебінен арттыру қажет емес. Қазақстанда лайықты өмір сүріп, жұмыс істеуге, білім, сапалы медициналық қызмет алуға барлық жерде мүмкіндік бірдей болу үшін өңірлердің барлығы теңгерімді дамуы керек. Жақсы өмірді астанадан іздеп көшетіндер саны шамадан тыс артып кетуіне жол бермей, ауылды жерлерді, шағын және орта қалаларды дамыту қажет" деп айтылғанын келтірген.
2030 жылға қарай Астанада тұрғын халық саны екі миллион адамға, ал тағы бес жылдан соң 2,3 миллион адамға жетеді деген болжам бар. Ресми дерек бойынша, қазір астанада 1,3 миллионнан астам адам тұрады.
Қоғамдық кеңес талқылауда айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, қаланың 2035 жылға дейін түзілген бас жоспарының жобасын мақұлдауға кеңес берді.
Өткен аптада Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Астанаға көші-қон легін шектеу үшін заңға енгізілмек өзгерістерді әзірлеп жатқаны туралы хабар тараған.
Бұрын кейбір шенеуніктер мен блогерлер Астанаға көші-қонның теріс салдары барын, мысалы, қаланың көлік инфрақұрылымы оны көтермейтіні туралы пікір айтқан. Биыл шілдеде астананы дамыту туралы кеңесте сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көші-қонның артуы "көлік саласындағы ахуалдың нашарлауына себеп болатынын" мәлімдеген. Ол "жағдайды бақылауға алу және көші-қон процесін реттеу үшін" пәрменді іс-шара қажетін айтқан. Тоқаев астанаға аймақтардан келіп жатқандардың басым бөлігі еңбек мигранттары екенін айтып, реттеу мен бақылауды күшейтуді тапсырған.
Ресми мәлімет бойынша, қазір Қазақстан халқының жеті пайыздан сәл астамы Астанада тұрып жатыр. Қоғамдық кеңес талқылауында өзге елдердің, мысалы, Жапония тұрғындарының 11 пайызы тұратын Токионы, Анкараны (6,8 пайыз), Лондонды (13,4 пайыз), Мәскеуді (9 пайыз) мысалға келтірді.
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың шілде айындағы мәліметі бойынша, Астана қаласы (1 376 528 адам) тұрғын саны бойынша елде Алматы қаласы (2,1 млн), Түркістан облысы (2,1 млн) және Алматы облысынан (1,5 млн) кейін төртінші орында тұр.
ПІКІРЛЕР