Түркіменстан билігі түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан құқық қорғаушы Мансур Мингеловқа рақымшылық беру туралы мәселе қаралатынын айтты. Бұл туралы БҰҰ-ның нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі комитетінің Түркіменстандағы ахуалға арналған отырысында Түркіменстан сыртқы істер министрлігінің өкілі мәлімдеген.
Түркіменстанда тұратын белудждер құқығын қорғаумен айналысқан Мансур Мингелов 2012 жылы бірқатар айып бойынша 22 жылға сотталған. Мингелов пен жақтастары оған саяси астары бар айыптар тағылғанын айтқан. Азаттықтың Түркімен қызметінің дерегінше, Мингелов жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтеп жатыр.
Turkmen.news тәуелсіз басылымы Мингеловтың тағдыры туралы мәселе 22 тамызда БҰҰ-ның нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі комитетінің отырысында кезекті рет қозғалғанын жазды.
"БҰҰ өкілдері Мингеловты босату туралы мәселені 2023 жылғы наурызда БҰҰ-ның адам құқықтары комитеті көтергенін еске салды. Оларға берген жауабында Түркіменстан сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиев бұл мәселе қаралып жатқанын және комитетті қабылданған шешім туралы міндетті түрде хабардар ететіндерін мәлімдеген" деп жазды басылым.
2012 жылы есірткі саудасына қатысушы деген күдікке ілінген бауырының ісі бойынша ұсталып, соққыға жығылған соң Мансур Мингелов бұл оқиғаны бей-жай қалдырмауды ұйғарған. Ол Түркіменстан президентіне, прокуратураға, АҚШ-тың Ашғабаттағы елшілігіне және ЕҚЫҰ өкілдігіне өзі ғана емес, азаптауға ұшыраған ұлты белудж өзге де адамдар туралы материалдар жолдаған.
Кейін 22 жылға сотталған Мингелов өзіне жалған айыптар тағылғанына наразылық білдіріп, колонияда ас-су татпай аштық жариялаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары оның жағдайына назар аударған.
Құқық қорғаушылар қазіргі кезде таратылған, бұрын салауатты қоғам қауіпсіздігін қорғау мемлекеттік қызметі деп аталған органның қызметкерлері Мингеловке қолдан жасалған айыптар тақты деп есептейді. Есірткімен күресетін полицейлер өздерінің қылмысын әшкерелейтін деректерді Түркіменстан билігі мен Ашғабаттағы америкалық дипломаттарға табыс еткен Мингеловтен солай кек алған дейді олар.
2021 жылғы қазанда түрмедегі Мансур Мингеловтың денсаулығы нашарлап кеткені туралы ақпарат тараған. Turkmen.news басылымы Мингелов Лебап уәлаятындағы қатаң тәртіптегі LB-K/11 колониясының санитарлық бөліміне остеомиелит, асқынған туберкулёз және жаппай интоксикация диагнозымен түскен деп хабарлады.
"Тұтқынның 2012 жылы ұстау кезінде сынған аяғы шіріп жатыр. Санитарлық бөлімде қажіт дәрі-дәрмек жоқ, ал туыстары берейін десе, COVID-19 бойынша карантинді сылтауратып ештеңе алғызбайды. Мансурды жағдайы ол жатқан жердегіден шамалы болсын жақсырақ Мары уәлаятындағы MR-B/15 түрмесіндегі ауруханаға ауыстырса ғана аман алып қалуға болады. Мұның алдында бір рет – 2018 жылы сол жерде емделіп, оның жаны қалған" деп жазды басылым.
Мансур Мингеловтың отбасы Түркіменстанда тұрып жатыр, билік белсендінің үй-ішіне де қысым көрсеткен.
ПІКІРЛЕР