Accessibility links

Қаңтардан соң заңсыз істі болған ақтөбелік мемлекеттен 40 млн теңге талап етті. Сот шағымды қарай бастады


Заңсыз қылмыстық қудалау көргені үшін өтемақы талап еткен Асланбек Омаров пен адвокаты Әбдісамит Рахманов сот залында отыр. Ақтөбе қаласы. 29 тамыз 2023 жыл.
Заңсыз қылмыстық қудалау көргені үшін өтемақы талап еткен Асланбек Омаров пен адвокаты Әбдісамит Рахманов сот залында отыр. Ақтөбе қаласы. 29 тамыз 2023 жыл.

29 тамызда Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасынан соң заңсыз қудаланған Асланбек Омаровтың шағымын қарай бастады. 2022 жылғы 9 қаңтар күні ұсталып, төрт ай тергеу изоляторында, бес ай үйқамақта, тағы бес ай ешқайда шықпау туралы қолхатпен жүрген Асланбек Омаров мемлекеттен 40 млн теңге талап етіп отыр.

- Заңсыз қудаланғаным өзіме де, отбасыма да көп зиянын тигізді. Әйелім ол кезде жүкті еді. Өте ауыр босанды. Менің де денсаулығым нашарлап кетті. Ұсталған соң ұрып-соқты, түрмеге қамады. Төрт ай тергеу изоляторында болдым. Түрмедегі бір күнімді жауыма да тілемес едім. Мен қамалған соң жүкті әйелім мен екі жасар қызым асыраушысыз қалды. Оған дейін бір ғимаратты жалға алып, дөнер сататын кафе ашқанмын. Дөнерден ай сайын 400 мың теңгеге жуық таза табыс тауып отырдым. Істі болғасын бизнесімнен де айырылдым, - дейді Асланбек Омаров.

Жеке кәсіпкер Асланбек Омаровты тергеу Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" бабымен деп айыптаған. Бірақ оған дәлел табылмай, Омаров "Жаппай тәртіпсіздікке қатысушы" ретінде сотқа тартылған. Ақтөбе соты Қаңтардан кейін істі болған 18 адамның екеуін Асланбек Омаров пен Ернұр Әжниязовты биыл 2 ақпанда толық ақтап шықты.

Адвокат Әбдісамит Рахманов сотқа Омаровтың моралдық-материалдық шығын көргенін растайтын бірнеше құжат ұсынған. Рахманов өз қорғауындағы азамат 30 млн теңге моралдық, 10 млн теңге материалдық шығын шеккен деп санайды.

Бұл іс бойынша сотқа жауапкер ретінде Қазақстан қаржы министрлігі тартылған. 29 тамыздағы алғашқы отырысқа онлайн қатысқан министрлік өкілі соттан Омаровтың моралдық-материалдық шығын өндіру туралы талап-арызын қанағаттандырмауды сұрады. Қаржы министрлігінің пікірінше, шығынды тікелей зиян келтіруші яғни, ішкі істер министрлігі өтеуі тиіс. Омаров мұны "мемлекеттің жауапкершіліктен қашқақтауы" деп санайды.

- Қаңтардан кейін айып тағылған 18 адамнан әкімдік қираған есік-терезесі үшін 142 млн теңге өндіріп беруді өтінді. Адамның өмірі, денсаулығы мен бостандығы сол есік құрлы болмаса, маған ештеңе бермей-ақ қойсын! Ал егер Конституцияда жазылғандай адамның құндылығы жоғары болса, сот дұрыс шешім қабылдауы керек, - дейді Асланбек Омаров.

Қаңтар ісі бойынша бір жылдан астам уақыт қамауда болып, кейін ақталып шыққан Ернұр Әжниязов жуырда моральдық өтемақы ретінде мемлекеттен 6 млн теңге өндіріп алды. Мемлекетті "заңсыз қамағаны үшін" сотқа беріп, моральдық өтемақы ретінде 30 млн теңге сұраған тұрғынның өтінішін сот жартылай қанағаттандырған.

Сот қаржы министрлігін мемлекет бюджеті есебінен Ернұр Әжниязовқа моральдық өтемақы ретінде – 5 млн теңге, адвокаттар шығынына 1 млн теңге төлеуге міндеттеген. Оған өтемақы салық төлеушілер есебінен беріледі.

Сот ақтап шыққан екі адамның бірі Асланбек Омаровтың ісі бойынша судья Айпатша Мусина кеңесу бөлмесіне кетті.

Сот шешімі 31 тамыз күні шығады.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. 2022 жылы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын үш жарым жылға шектеген. Биыл ақпанда Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасына қатысты деп сотқа тартылған 16 адамға түрлі жаза кесті.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі "террорист" деп айыптап, кейін "кездейсоқ құрбан" ретінде оның отбасына "Қазақстан халқына" қоры арқылы 7 млн теңге өтемақы берген. "Кездейсоқ құрбандар" тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG