Accessibility links

Сириядан Қырғызстанға 95 әйел мен бала жеткізілді


Сириядан Қырғызстанға жеткізілген әйелдер мен балалар. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі таратқан сурет.
Сириядан Қырғызстанға жеткізілген әйелдер мен балалар. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі таратқан сурет.

30 тамызда «Айкөл» гуманитарлық миссиясы аясында Сирияның солтүстік-шығысындағы лагерьлерде отырған бір топ қырғыз азаматы елге қайтарылды. Бұл туралы Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке қарағанда, Қырғызстанға 31 әйел мен 64 бала келген.

ІІМ дерегінше, Сириядағы қырғыз азаматтарын елге жеткізу ісіне АҚШ үкіметі, ЮНИСЕФ және Халықаралық Қызыл крест комитеті көмектесті.

«Айкөл» гуманитарлық миссиясының алғашқы кезеңі биыл ақпанда жүзеге асқан деп айтылады. Сол кезде Қырғызстанға Сириядағы қақтығыс ошағынан 18 әйел мен 41 бала жеткізілген.

Кейінгі жылдары Сириядағы лагерьлерде тұрып жатқан әйелдердің туыстары Қырғызстан билігіне қайырылып, туыстарын елге жеткізуге көмектесуін сұрап келеді.

2021 жылғы наурызда «Мейірім» гуманитарлық миссиясы аясында Қырғызстан Ирактағы 79 қырғыз баласын елге жеткізген. Ақпаратқа қарағанда, ол балаларды туыстары жағынан 32 отбасы асырап алған.

2013-2015 жылдары түрлі жолдармен радикал діни топтарға кіріп кеткен қырғызстандықтар көбейгені ресми түрде хабарланған. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің 2018 жылғы мәліметінше, Сириядағы соғыс ошағына Қырғызстанның 850 азаматы барған, солардың 150-і сол жерде өлген.

Содан бері Сириядағы қақтығыс ошағында қанша қырғызстандық жүргені ресми түрде хабарланбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG