Accessibility links

Мәскеу Бразилияға Пригожиннің өлімін зерттеуге рұқсат бермеді


Бортында Евгений Пригожин болды деп айтылатын Embraer-135 ұшағы құлаған жер.
Бортында Евгений Пригожин болды деп айтылатын Embraer-135 ұшағы құлаған жер.

Ресей Бразилияға бразилиялық Embraer ұшағы апатының себебін "дәл қазір" зерттемейтінін хабарлады. Бұл жөнінде Reuters жазды. 23 тамызда Тверь облысында құлаған аталған ұшақта "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин болғаны хабарланған. Ұшақта болған барлық 10 адам қаза болған.

Бұған дейін Бразилияның әуе апаттарын зерттеу орталығы (CENIPA) Мемлекетаралық әуе комитетіне өтініш жасап, мұндай апаттар алдағы уақытта қайталанбас үшін Embraer лайнерінің құлау себебін зерттеуге атсалысуды өтінген.

Бразилияға жіберген жауабында Мемлекетаралық әуе комитеті Халықаралық азаматтық авиация ұйымы ережесінің 13-пунктіне сүйене отырып, егер апат ішкі рейсте болса, оған халықаралық норма жүрмейтінін атап өткен.

CENIPA жетекшісі Марсело Морено агенттікке берген сұхбатында Ресей жағы халықаралық деңгейде мұндай зерттеу жүргізуге міндетті болмаса да авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін түсіндірген.

Әуе апаттарын зерттейтін сарапшы Джефф Газзеттидің пікірінше, Ресейдің Бразилия ұсынысынан бас тартуы "ашық зерттеу жүргізуге" ықыласы жоғын білдіреді.

  • 23 тамыз кешке Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлады. Ұшақ құлаған маңнан он адамның мәйіті табылған. Оның ішінде Евгений Пригожин болғаны айтылды. Бұған дейін Ресей тергеу комитеті Евгений Пригожиннің ұшақ апатынан қаза болғанын растаған.
  • Екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған. Бүлік кезінде Ресей әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы құлаған. Путин "Вагнер" бүлігін "сатқындық" деген еді. Артынша Пригожин Мәскеуге жетпей жасағын кері бұрғанын мәлімдеді. Осыдан соң бүлікке қатысты қозғалған қылмыстық іс кейін тоқтап, "Вагнер" жасағы Александр Лукашенконың шақыртуымен Беларуське аттанған еді.
  • Евгений Пригожин – Путинге жақын бизнесмен. Ол ресторан бизнесін ұйымдастырушы ретінде танылды. Пригожин Кремльді тамақпен қамтамасыз еткендіктен, жұрт оны "Путиннің аспазы" деп атайды. Кейін Пригожин мен Уткин "Вагнер" жеке әскери тобын құрған. "Вагнер" бейресми түрде Кремльдің атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты. Украинадағы соғыс кезінде "Вагнер" Бахмут үшін шайқасты. Кейін Пригожин Ресей қорғаныс министрі мен Ресей әскерінің қолбасшыларын жиі сынап, талаптар қоя бастаған. Бүліктен соң "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа араласуын тоқтатып, Пригожин жұрт көзіне сирек түсетін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG