Accessibility links

Шымкентте Марат Жыланбаевты қолдап, стадион маңында жүгірген белсенді полицияға шақырылды


Полиция бөлімі. Көрнекі сурет.
Полиция бөлімі. Көрнекі сурет.

Шымкентте қамаудағы оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевты қолдап, стадион маңында жүгірген тіркелмеген "Алға Қазақстан" партиясының мүшесі Гүлжан Мұратбаева полицияға шақырту алды. Бұл жөнінде #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы хабарлады.

Топтың хабарлауынша, 29 тамызда полиция қызметкері белсендіге хабарласып, 31 тамызда полицияға барып, өзіне қозғалған әкімшілік іспен танысып кету қажеттігін айтқан. Аталған топтың жазуынша, 19 тамызда Гүлжан Мұратбаева қамаудағы оппозиция белсендісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың туған күні белсендіні құттықтап, қолдау видеосын әлеуметтік желіге жариялаған. Полицияның әкімшілік іс қозғауы осы жайтпен байланысты болуы мүмкін.

"Спортпен айналысқанымыз үшін, Марат Жыланбаевты құттықтап, видео түсіргеніміз үшін, менің үстімнен әкімшілік іс қозғады" деп мәлімдеді белсенді 30 тамыз күні Facebook парақшасында.

Әзірге Шымкент полициясы оқиғаға түсініктеме бермеді.

Биыл 25 мамырда Астана соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілінген Марат Жыланбаевты қамауға алған. Адвокаты бұған дейін абақтыдағы белсендінің денсаулығы нашарлағанын айтқан. Танымал марафоншы, билік сыншысы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Ол биыл кезектен тыс парламент сайлауына депутаттықтан үміткер ретінде тіркелген. Билік оны "ерте үгіт-насихат жасады" деп айыптап, оған әкімшілік іс қозғады. Ақыры оны кандидаттар қатарынан алып тасталды.

60 жастағы Марат Жыланбаев кейінгі кезде билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға қатысып келген. Ол биыл қыста Павлодар облысындағы жылу дағдарысы кезінде жақтастарымен бірге Екібастұз тұрғындарын қолдаған.

Билік ол тіркемек болған оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтінішін жуырда кері қайтарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG