Accessibility links

Песков: Пригожин қаза болған ұшақ апаты "арнайы жасалған қастандық" болуы мүмкін деген болжам бар


Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бортында "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин болған ұшақ қастандықтың салдарынан апатқа ұшырауы мүмкін деді. Оның сөзінен РБК үзінді келтіреді.

"Ешқандай шешім шықпағандықтан ештеңе айта алмаймын. Бірақ түрлі версиялар, оның ішінде арнайы қастандық деген де болжамдар бар. Тергеу комитеті жүргізіп жатқан зерттеу нәтижесін күтуге шақырамын", - деді ол.

"Рейтер" агенттігі хабарлағандай, халықаралық әуе комитеті Бразилияның әуе апаттарын алдын алу орталығы апатты зерттеуге қатысуға дайын екенін білдіргенде Ресей қабылдамаған.

Әуе апаттарын зерттейтін сарапшы Джефф Газзеттидің пікірінше, Ресейдің Бразилия ұсынысынан бас тартуы "ашық зерттеу жүргізуге" ықыласы жоғын білдіреді.

Апатқа ұшыраған ұшақты бразилиялық Embraer компаниясы шығарған.

  • 23 тамыз кешке Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлады. Ұшақ құлаған маңнан он адамның мәйіті табылған. Оның ішінде Евгений Пригожин болғаны айтылды. Бұған дейін Ресей тергеу комитеті Евгений Пригожиннің ұшақ апатынан қаза болғанын растаған.
  • Екі ай бұрын Пригожин бастаған "Вагнер" жалдамалы әскер тобы бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған. Бүлік кезінде Ресей әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы құлаған. Путин "Вагнер" бүлігін "сатқындық" деген еді. Артынша Пригожин Мәскеуге жетпей жасағын кері бұрғанын мәлімдеді. Осыдан соң бүлікке қатысты қозғалған қылмыстық іс кейін тоқтап, "Вагнер" жасағы Александр Лукашенконың шақыртуымен Беларуське аттанған еді.
  • Евгений Пригожин – Путинге жақын бизнесмен. Ол ресторан бизнесін ұйымдастырушы ретінде танылды. Пригожин Кремльді тамақпен қамтамасыз еткендіктен, жұрт оны "Путиннің аспазы" деп атайды. Кейін Пригожин мен Уткин "Вагнер" жеке әскери тобын құрған. "Вагнер" бейресми түрде Кремльдің атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты. Украинадағы соғыс кезінде "Вагнер" Бахмут үшін шайқасты. Кейін Пригожин Ресей қорғаныс министрі мен Ресей әскерінің қолбасшыларын жиі сынап, талаптар қоя бастаған. Бүліктен соң "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа араласуын тоқтатып, Пригожин жұрт көзіне сирек түсетін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG