Accessibility links

АҚШ: Мәскеу Пхеньянмен оқ-дәрі тасымалдау бойынша келісім жасауға күш салып жатыр


Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньяндағы көрмеде.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньяндағы көрмеде.

Ресей Солтүстік Кореядан қару-жарақ пен оқ-дәрі сатып алу үшін Пхеньянмен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби мәлімдеді.

Кирбидің сөзінше, шілде айында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың Пхеньянға сапары кезінде Ресейге әжептеуір көлемде оқ-дәрі тасымалдау мәселесі талқыланған. Ақ үйдің өкілі Ресейге оқ-дәрілерді сату БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзу деп атады. Джон Кирби Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізбейтінін бірнеше рет жария айтқанын еске салды. Наурыз айында Ақ үй Мәскеу Пхеньянға азық-түлікті оқ-дәріге алмастыруға ұсынбақ болғанын айтқан.

Кирбидің айтуынша, АҚШ Ресейдің артиллерия мен снарядтарға қол жеткізуге ұмтылысын үміт үзу мен әлсіздіктің белгісі ретінде бағалаған.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргелі бері бірқатар Батыс елдері Пхеньян мен Мәскеудің әскери әріптестігі жөнінде мәлімдеген. Атап айтқанда, Солтүстік Корея Ресей армиясына артиллериялық оқ-дәрі мен техника жеткізіп жатқанын айтқан. Солтүстік Корея мұны жоққа шығарған.

Америка мамандары Ақ үй ескертуін Солтүстік Кореяға қару-жарағы мен оқ-дәрісін Ресейге тасымалдауына жол бермеу талпынысы деп қарастырады. Алайда Вашингтон ескертуіне қарамастан Ресейге дрондар жеткізетін Иранға мұндай амал нәтиже бермеген.

Шілде айының соңында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей мен Солтүстік Корея арасында "әскери байланысты нығайту үшін" Пхеньянға барған. Ресей қорғаныс министрлігінің айтуынша, Шойгу бастаған делегация "корей халқының Отанды азат ету соғысындағы жеңісіне 70 жыл толуына орай" (мәселе 1950-1953 жылдардағы Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы соғыс жөнінде болып отыр) ұйымдастырылған шараға қатысқан.

XS
SM
MD
LG