Accessibility links

"Қазақстан Қара теңіздегі мұнай танкерлерінің санын онға жеткізбек"


"ҚазМұнайГаз" басшысы Мағзұм Мырзағалиев.
"ҚазМұнайГаз" басшысы Мағзұм Мырзағалиев.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев биыл Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы экспорттайтын мұнай танкерлерінің саны жетіге жететінін мәлімдеді. Бүгін, 1 қыркүйекте парламент кулуарында журналистерге сұхбат берген Мырзағалиевтің айтуынша, болашақта Қара теңіздегі танкерлер санын онға жеткізу жоспарланып отыр. Министрдің сөзінше, қазір Қара теңізде Қазақстан мұнайын тасымалдайтын төрт танкер бар.

Bloomberg ақпарат агенттігі 31 тамыз күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Каспий теңізі арқылы мұнай жеткізу екі танкер сатып алғанын, Қара теңіз арқылы мұнай экспорттау үшін тағы екі танкер сатып алуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Bloomberg бұл Қазақстан Ресей аумағымен өтетін негізгі экспорт бағытына балама іздеп, мұнай жеткізу жолдарын әртараптандырып жатқанын көрсетеді деп жазған.

Мырзағалиевтің айтуынша, танкер сатып алудың Ресей – Украина соғысына және мұнай жеткізуде Мәскеуге тәуелді болмау мәселесіне қатысы жоқ. Танкерлер «Теңізшевройл» компаниясымен жасалған келісім бойынша сатып алынған.

«“Теңізшевройл” өзі өндірген мұнайды Қара теңізде отыз жыл бойы тек өз танкерлерімен тасымалдайтын. Биылдан бастап «Теңізшевройлмен» тиісті келіссөз жүргізіп, өз танкерлерімізді қойдық. Бұл әртараптандыру ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу», − дейді Мырзағалиев.

Биыл Теңіз кен орындағы мұнайды халықаралық су жолдары арқылы тасымалдау үшін Chevron компаниясымен келісім жасалған соң, «Қазақтеңізфлоты» мен «Abu Dhabi Ports Group» компаниясының төрт танкері осы келісімге сәйкес мұнай жеткізе бастаған.

Шілде айында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай экспорттаудың балама дәліздерін дамыту тапсырмасы бойынша Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорны әрқайсынының көлемі 8 мың тонна Taraz және Liwa танкерлерін сатып алғанын хабарлаған.

Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорынның акционерлері – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы. Қазір «Қазақтеңізфлоты» мен «Abu Dhabi Ports Group» компаниясының ортақ танкер пулында 4 танкер бар.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жыл соңына дейін Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорны Abu Dhabi Ports Group компаниясынан тағы үш танкер алатынын хабарлаған. Олардың екеуі 115 мың тонна, бірі 130 мың тонна жүк тасымалдай алады.

Қазақстан былтыр экспортқа шығарған мұнайдың 80 пайызын Ресей аумағымен өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы экспорттаған. Қазақстан мұнайы Каспий құбыр консорциумы арқылы Новороссийск қаласы түбіндегі Қара теңіздегі терминалына жеткізіледі.

Былтыр көктем мен жазда «Каспий құбыр консорциумының» жұмысы төрт мәрте ішінара немесе толық тоқтатылып, Қазақстан мұнайының экспорты уақытша шектелді. «Каспий құбыр консорциумындағы» ақаулардан кейін президент Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына мұнайды Транскаспий дәлізімен (Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Грузия, Түркия мен Еуропа елдеріне апаратын дәліз) экспорттау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Былтыр «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Әзірбайжанның SOCAR компаниясы Ақтау-Тбилиси-Жейхан дәлізімен жылына 1,5 миллион тонна мұнай экспорттау туралы келісімге келді. Бұл үшін танкерлерге тиелген мұнай Ақтау портынан Каспий теңізі арқылы Бакуден 40 шақырым жердегі Санғашал терминалына жеткізіледі. Қазақстан биыл Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы 300 мың тонна мұнай экспорттаған. Алайда бұл Каспий құбыр консорциумы арқылы жеткізілетін мұнай көлемімен салыстыруға келмейді. Жыл басынан 18 тамызға дейін Каспий құбыр консорциумы арқылы 40,5 миллион тонна тасымалданған, оның басым бөлігі − қазақ мұнайы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG