Accessibility links

Тоқаев ішкі істер министрін ауыстырып, көлік министрін тағайындады


Ішкі істер министрлігі ғимараты.
Ішкі істер министрлігі ғимараты.

Марат Ахметжанов ішкі істер министрі қызметінен босатылып, оның орнына Ержан Сәденов тағайындалды. Тиісті жарлық шыққанын сенбі күні Ақорда сайты хабарлады.

Марат Ахметжановты Тоқаев ішкі істер министрі қызметіне былтыр Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін кадрлық ауыс-түйіс жасаған кезде 22 ақпанда тағайындаған. Оған дейін Ахметжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған.

54 жастағы Ержан Сәденов 2022 жылдың 26 қаңтарынан бері ішкі істер вице-министрі қызметін атқарып келген. Оған дейін шамамен екі жыл – Астана қалалық полиция департаменті, үш жыл Ақмола облыстық полиция департаментіне жетекшілік еткен. Құқық қорғау органдарында 1993 жылдан бері істеп келеді.

2022 жылдың сәуірінен бері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып келген Тамара Дүйсенованың сенбі күні бұл қызметтен босатылғаны белгілі болды. Бірақ ол премьер-министрдің орынбасары қызметін атқара береді – сенбі күні осы қызметке қайта тағайындалды.

Серік Жұманғарин де сауда және интеграция министрі қызметінен босатылды, ол премьер-министрдің орынбасары қызметіне қайта тағайындалды.

Сенбі күні Марат Қарабаев көлік министрі болып тағайындалды. Қазақстанда көлік және коммуникация министрлігі 2014 жылы таратылған. Бір күн бұрын Тоқаев жолдауынан кейін елде көлік министрлігі қайта құрылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір күн бұрын халыққа жолдауынан кейін президент әкімшілігінің құрылымын өзгертіп, бірнеше министрді қызметінен босатқан (арасында Ахметжанов болмаған).

Жұма күні қосымша тағы екі министрлік (су шаруашылығы және ирригация министрлігі және көлік министрлігі) құрылып, министрліктер саны 21-ге жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG