Accessibility links

Кадрлық ауыс-түйіс: Президент әкімшілігінде істеген Аида Балаева мәдениет және ақпарат министрі болды


Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалған Аида Балаева
Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалған Аида Балаева

49 жастағы Аида Балаева мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған. Бір күн бұрын президент әкімшілігінің құрылымы өзгертіліп, бұл қызмет жойылған еді.

Ақордадағы қызметіне дейін Балаева 2020 жылдың мамырынан 2022 жылдың қаңтарына дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйеке өзге де кадрлық ауыс-түйістер жасады. Арман Шаққалиев сауда және интеграция министрі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Еуразия экономика комиссиясына Қазақстан атынан алқа мүше болған.

Ермек Маржықпаев туризм және спорт минитрі болды. 54 жастағы Маржықпаев 2019 жылы 19 наурызда – Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен күні Ақмола облысының әкімі болып тағайындалған. Содан бері өкілеті ұзартылып, бүгінге дейін облыс әкімдігін басқарған.

1 қыркүйекте инфрақұрылымдық даму министрі қызметінен босатылған Марат Қарабаев көлік министрі болып тағайындалды. Көлік министрлігі Тоқаевтың бастамасымен құрылып отыр.

"Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады" деген еді Тоқаев 1 қыркүйек күнгі халыққа жолдауында.

Тоқаевтың жолдауынан кейін президент туризм және спорт министрлігі, мәдениет және ақпарат министрлігі, өнеркәсіп және құрылыс, су шаруашылығы және ирригация министрлігін құру туралы жарлықтарға қол қойды. Бірнеше министрді қызметінен босатқан.

Сенбі күні Марат Ахметжанов ішкі істер министрі қызметінен босатылып, оның орнына Ержан Сәденов тағайындалғаны белгілі болды.

Тамара Дүйсенова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылып, премьер-министрдің орынбасары қызметіне қайта тағайындалған. 2 қыркүйекте Светлана Жақыпова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.

Сауда дәне интеграция министрі болған Серік Жұманғарин қызметінен босатылды. Бірақ ол вице-премьер қызметін сақтап қалды.

Сарапшылар Тоқаев жолдауында "саяси реформа мен адам құқығы туралы ештеңе айтпағанын" – билік конфигурациясы өзгермейтінін атап өтеді.

XS
SM
MD
LG