Accessibility links

Путин мен Ердоған 4 қыркүйекте Сочиде келіссөз өткізеді


Владимир Путин мен Режеп Ердоған
Владимир Путин мен Режеп Ердоған

Ресей және Түркия президенттері 4 қыркүйекте Сочиде келіссөз жүргізеді, деп хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.

Бұған дейін осы аптада Түркиядағы басқарушы "Әділет және даму" партиясы Владимир Путин мен Режеп Ердоған қыркүйек басында Сочиде кездесетінін хабарлаған. Кездесу кезінде Ресейдің "астық келісіміне" қайта қосылу немесе соған балама келісім мәселесі талқыланатыны айтылған.

1 қыркүйекте Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіссөз нақты қашан өтетінін айтты.

"Келіссөз дүйсенбі күні Сочиде күндіз өтеді" деді Песков.

Шілде айында "астық келісімі" тоқтағаннан бері екі басшы алғаш рет кездесейін деп отыр. Дегенмен Ресей мен Түркия басшылары бұған дейін телефон арқылы да сөйлескен.

  • Ресей астық келісімінен 17 шілдеде шыққан. Мәскеудің айтуынша, келісімнің Ресей азық-түлігі мен тыңайтқышын экспорттауға қатысты бөлігі орындалмаған. Мәскеу өз шарттары орындалған жағдайда келісімге оралатынын айтады.
  • 18 шілдеден бері Ресей әскері күн сайын Одесса облысын атқылап, астық келісімінде қолданылған порт инфрақұрылымдарын қиратып жатыр. Кремль Одессаны атқылауын "17 шілде күнгі Қырым көпіріне жасалған шабуылға жауап" деп атаған.
  • Қара теңіздегі порттардан астықты азық-түлікке зәру елдерге тасымалдауды қарастыратын астық келісіміне былтыр Ресей мен Украина Түркия және БҰҰ-ның араласуымен қол қойған. Келісім бірнеше рет ұзартылды. Астық бастамасы Одесса порттарынан халықаралық нарыққа 33 млн тонна ауыл шаруашылық өнімі тасымалын қамтамасыз еткен. Ресей келісімнен шыққаннан кейін тауар биржасында астық қымбаттады.
  • Маусым айының басында Wall Street Journal басылымының дереккөзі Путин Ердоғанның "астық келісіміне" оралу туралы ұсынысын орындауға ықылас білдірмегенін жазған. Мәскеудің келісімнен бас тартуына өзге жайттармен қатар Түркияның "Азов" полк командирлерін Украинаға беруі себеп болған. Мариупольде "Азовстальды" қорғаған жауынгерлер көктемде тұтқынға түсіп, тұтқын алмасу нәтижесінде Стамбулға жеткізілген. Алмасу шарты бойынша олар соғыс аяқталғанша Түркияда қалуы тиіс болған.
XS
SM
MD
LG