Accessibility links

Ресей Иранға Як-130 оқу-әскери ұшақтарын жеткізді


Як-130
Як-130

Иран Ресейден Як-130 оқу-әскери ұшақтарын алды. Бұл жөнінде Иранның ақпарат құралдары мен Стратегия және технологияларды талдау орталығы хабарлады.

Ұшақтар жеткізілгенін Мәскеу де, Тегеран да ресми түрде мәлімдеген жоқ. Иранның ИРНА ресми ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ресейлік Як-130 ұшақтарының Иранға жеткізілгенін әлеуметтік желіде жарияланған "суреттер де дәлелдей түседі". Агенттіктің жазуынша, Иран бұл ұшақтарды жаңа үлгідегі жойғыш ұшақтарында ұшатын ұшқыштарды дайындау кезінде пайдаланады.

Ресейдің Иранға қанша Як-130 ұшағын бергені әзірге белгісіз, деп жазды "Коммерсантъ". Иранның Tasnim агенттігінің жазуынша, мәселе кемінде екі ұшақ жөнінде болып отыр. Олар Исфахандағы шахид Бабай әуе базасына әкелініп қойған. Осылайша соңғы 20 жылда Иран шетелден алғаш рет әскери ұшақ сатып алып отыр, деп жазды Иранның ақпарат агенттігі.

Стратегия және технологияларды талдау орталығының жазуынша, Иранның Як-130 ұшақтарын сатып алғаны туралы алғашқы хабар шілденің басында тараған. Бұған дейін мұндай үлгідегі ұшақтар Алжир, Бангладеш, Беларусь, Вьетнам, Мьянма және Лаосқа жеткізілген.

Як-130 — Яковлев атындағы тәжірибе-құрастыру бюросында италиялық Aermacchi компаниясымен бірге жасап шығарылған ресейлік оқу-әскери ұшағы. Бұл СССР құлағаннан кейін Ресейде шығарыла бастаған алғашқы ұшақ моделі.

Иранның бұл ұшақтарды алатындығы жөнінде хабар 2016 жылы тараған. Ресми түрде келісім жөнінде айтылмады. Украинада соғыс жалғасып жатқан тұста тараптар әскери-техникалық әріптестікті нығайтып жатыр. Киев пен Батыс елдерінің пікірінше, Иран Ресейге соққы жасайтын "Шахед" дрондарын жеткізіп отыр, Ресей оларды Украинадағы соғыста "Герань" деген атпен пайдаланып жатыр. Басында Иран Ресейге қару жеткізгенін жоққа шығарған, кейін Ресей басқыншылығына дейін жеткізгенін мәлімдеді. Кейінгі кезде Ресей өз аумағында дрондарды құрастыру ісін қолға алғаны жөнінде мәлімет бар.

XS
SM
MD
LG