Қазақстан аумағында АҚШ сауда министрлігіне қарасты өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросының сайты бұғатталды, деп хабарлады ҚазТАГ сайты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурстардың ашық-жабықтығын тексеретін парақшасында https://www.bis.doc.gov сайты "жалған ақпарат таратқаны үшін" бұғатталғаны жазылған. Нақты қандай "ақпарат таратқаны" айтылмаған.
Оқиғаға түсініктеме берген Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі "ақпарат кеңістігіне Қазақстан заңнамасының сақталуы бойынша тұрақты түрде мониторинг", "фишинг жасайтын интернет-ресурстарды анықтау жұмыстары" жүргізіліп отыратынын алға тартқан.
"Биыл 26 сәуірде 21 фишингтік ресурсқа, арасында bis.doc.gov сайты да бар, тиісті ұйғарымды орындау туралы хабарлама жіберілді" деп хабарлады Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі. Оның хабарламасынан Orda.kz сайты үзінді келтірген.
Бұған дейін қазақстандық ақпарат құралдары "аталған сайттың жабылуына Қазақстан Ресейге санкцияны айналып өткені үшін көмектесті деген ақпараттың жариялауы түрткі болды" деп жазған. Ақпарат министрлігі хабарламасында мұны жоққа шығарған.
Министрліктің жазуынша, "қосымша тексеру жүргізіліп, заң бұзу фактісі расталмаса, сайт қайта ашылуы мүмкін".
ПІКІРЛЕР