Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) қамауда отырған Тимур Дәнебаевты соққыға жыққан түрме қызметкерлері үстінен "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бойынша тергеу бастағанын мәлімдеді.
Комитет хабарламасында "видеода қызметкерлер мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбаған сотталушыға арнайы құралдармен күш көрсетіп, қызметін асыра пайдаланғаны байқалады" деп жазған.
Бұған дейін желіде Ақмола облысындағы Атбасарда колония қызметкерлері әжетхана жуудан бас тартқан белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соғып, қинаған видеосы тарады. Видеода колония қызметкері күш қолдануға арнайы құрал қолдануға бұйрық береді. Онда Дәнебаевты жерге жатқызып, қол-аяғын ұстап, дубинкамен ұрғаны көрінеді.
Бұл видеоны "БАСЕ" телеграм-арнасы жариялады. Видеодағы ақпаратқа қарағанда, видео 24 тамызда Ақмола облысы Атбасар қаласындағы колонияда түсірілген. Оларды арнаға мекеме әкімшілігінің қызметкері жіберген.
Тимур Дәнебаев – Қаңтар оқиғасынан кейін "20 мың террорист туралы жалған ақпарат таратты" деп президент Тоқаевтың үстінен арыз жазбақ болған. Астана соты 15 маусымда "Ұлтаралық араздық қоздырды" (174-бап, 1-бөлік) деп айыпталған белсендіні үш жылға бостандығынан айырған.
ПІКІРЛЕР