Accessibility links

Ресей Украинаның Одесса облысына бір аптада төрт рет соққы жасады


Ресейдің Одесса облысына шабуылының салдары. 4 қыркүйек 2023 жыл.
Ресейдің Одесса облысына шабуылының салдары. 4 қыркүйек 2023 жыл.

4 қыркүйекке қараған түні Ресей әскері Одесса облысының оңтүстігіне дронмен шабуыл жасап, "Калибр" зымырандарын атты. Салдарынан инфрақұрылым нысандары бүлініп, екі адам зардап шекті.

Одесса облысы басшылығының мәліметінше, Украина әуе қорғанысы 17 "Шахед" камикадзе дронын атып түсірген. Соққыдан соң қойма мен өндірістік ғимарат, аграрлық және өнеркәсіп бойынша кәсіпорын жабдықтары бүлінген.

Одесса облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Кипердің айтуынша, Ресей әскері түнгі уақытта Қара теңізге кезекшілікке шыққан зымыран тысығыштан Украина аумағын таңертең "Калибр" зымыранымен атқылаған. Оның салдарынан Одесса облысындағы агроөнеркәсіп кешенінің астық терминалында 100 тонна асбұршақ пен 20 тонна арпа жарамсыз болып қалған.

Ақпарат құралдары Измаил портында жарылыс дауысы естілгенін хабарлады. Жергілікті билік тұрғындарды үйден шықпауға үндеді.

4 қыркүйекте таңертең Днепропетровск облысына да дрон шабуылы жасалған. Облыс әкімшілігінің басшысы Сергей Лысактың хабарлауынша, алты дрон атып түсірілген. Оның біреуі инфрақұрылым нысанына тиіп, өрт шыққан. Ақпаратқа қарағанда, дрон шабуылынан қаза болғандар мен жараланғандар жоқ.

18 шілдеден бері Ресей әскері Одесса қаласы мен облысына жиі соққы жасап жатыр. Оның алдында Ресей астық келісімінен шыққан. Украина билігі "Мәскеу астық экспортын тоқтатқысы келеді" деп санайды.

Одан бөлек Ресей әскері украин порттарына баратын сауда кемелерін әскери нысан ретінде санай бастайтынын мәлімдеген.

Қара теңіздегі порттардан астықты азық-түлікке зәру елдерге тасымалдауды қарастыратын астық келісіміне былтыр Ресей мен Украина Түркия және БҰҰ-ның араласуымен қол қойған. Келісім бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет 17 мамырда ұзартылған.

Мәскеудің мәлімдемесіне сәйкес, Ресейдің азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыш экспортына кедергілерді алып тастау туралы міндеттемелер орындалмаған. Мәскеу өз шарттары орындалған жағдайда келісімге оралатынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG