Болгария үкіметі Бургас портының жанындағы Росенец мұнай терминалын мемлекет бақылауына алды. Бұған дейін ол Ресейдің ең ірі жекеменшік "Лукойл" компаниясына тиесілі болған. Болгария билігі "Лукойлға" терминалды басқару бойынша концессия келісімінің бұзылуы туралы тамыздың ортасында хабарлаған.
Болгарияның көлік және коммуникация министрі Георги Гвоздейков үкімет концессионер компанияға өтемақы төлемейтінін айтты. Оның сөзінше, келісім форс-мажор жағдайларға байланысты бұзылған. "Бұдан былай "Лукойл" өз құқығы үшін Болгарияда емес, басқа жерде күресе алады. Біз заң мен еуропалық ережені сақтадық" деді Гвоздейков.
"Лукойл" компаниясы Росенец терминалын басқару туралы концессия келісіміне 2011 жылы қол қойған. Шарт мерзімі – 35 жыл. 2023 жылы жазда Болгария парламенті бұл шартты бұзу туралы шешім қабылдады. Оған Ресей әскері Украина аумағына басып кірген соң, Еуропа Одағының (ЕО) Кремльге салған санкциялары себеп болған.
Қазіргі уақытта ЕО-да 2024 жылдың соңына дейін Ресей мұнайын теңіз арқылы импорттауға Болгарияның ғана айрықша рұқсаты бар.
ПІКІРЛЕР