Accessibility links

Шыңжаңдағы қудалау туралы фильм фестивалі "қысым" салдарынан онлайн өтеді


Шыңжаңдағы күзет. 2017 жыл.
Шыңжаңдағы күзет. 2017 жыл.

5 қыркүйекте "Жаңа Шекара" фестивалін ұйымдастырушылар Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалау жөнінде фильмдер көрсетіліміне "қысым жасалғанын" айтады. Іс-шараға төрт күн қалғанда фестиваль өтетін алаң жиынды өткізуден белгісіз себеппен бас тартқан. Ұйымдастырушылар "мұның ар жағында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұр" деп топшылайды.

— Кеше, 4 қыркүйекте [фестиваль өтетін] жермен қиындыққа тап болдық. Біздің арнайы қызмет өкілдері оларға қысым жасаған, кейін олар орынды беруден бас тартты. Арадағы келісім бұзылды, — деді фестиваль ұйымдастырушыларының бірі Равкат Мұхтаров Азаттыққа.

"Жаңа Шекара" фильм фестивалі 8-10 қыркүйек күндері Алматыда офлайн өтеді деп жоспарланған. "Қысым" туралы хабардан соң ұйымдастырушылар әлеуметтік желідегі парақшасында фильмдер енді онлайн көрсетіледі деп хабарлады. Олардың айтуынша, "ҰҚК-нің бейресми талаптарынан бас тарта алатын тәуелсіз және батыл алаң табу мүмкін емес".

Фестиваль өтетін алаң иелерінің бірі Азаттыққа кинофестивальді өткізуден бас тартқанын растады. Аты-жөнін атамауды сұраған алаң иесі "себебі құпия" деп айтты.

"Жаңа Шекара" фестивалі алғаш рет 2022 жылы Алматыда өткізілді. Онда қазақстандық және шетелдік авторлар дайындаған Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі ұйғырлар мен қазақтардың өмірі мен мәдениеті, қуғын-сүргін және "қайта тәрбиелеу лагерлері" туралы фильмдер көрсетіледі. Биыл ұйымдастырушылар көрермендерге 10-ға жуық фильм ұсынбақ.

Былтыр фестиваль офлайн форматта өтіп, оған 80-ге жуық көрермен жиналған. Ол кезде ұйымдастырушылар іс-шара өтетіні туралы көпшілікке жария хабарламады. Мұхтаровтың сөзінше, фестиваль ұжымы фильм көрсетуге қауіпсіз онлайн платформаны іздеп жатыр.

  • БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллионнан аса ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан.
  • Зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын айтқан. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері мұны "геноцид" деп сипаттады.
  • Қытай билігі саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы", ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атап, әлгіндей айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Қытай мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
  • Қазақ үкіметі Қытайды сынаудан қашқақтайды және Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңдағы жақындарын босатуды талап еткендерді ұстап, айыппұл салып жазалаған. Сарапшылар Астана өзінің негізгі инвесторын және "Бір белдеу – бір жол" бойынша стратегиялық серіктесі саналатын Қытайды ашуландырғысы келмейді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG