Accessibility links

ISW: Украина Запорожье облысының оңтүстік-шығысында Ресейдің үлкен қорғанысын бұзып өтті


Донбасстағы Украина әскериі. 4 қыркүйек 2023 жыл.
Донбасстағы Украина әскериі. 4 қыркүйек 2023 жыл.

АҚШ-тағы соғысты зерттеу институты (ISW) Украина әскері Запорожье облысының оңтүстік-шығысында Ресейдің үлкен қорғанысын бұзып өтті деп мәлімдеді.

"Украинаның жаяу әскері Ресей қорғану үшін қойған танкілерге қарсы кедергілер мен "айдаһар тістерін" бұзып өтіп, алға жылжыды. Қазір Украина бұл жерге мығымдап орналасқан сияқты" деді ISW 4 қыркүйектегі мәлімдемесінде.

Украина қарулы күштері де Ресейдің Запорожье облысындағы қорғанысының бірінші шебін бұзып өткенін мәлімдеген. Бұл шепті бұзуға Ресейдің жерлерді миналап тастағаны кедергі келтіріп келген еді. Украина миналанған далаларды тазалау үшін бірнеше апта кетті.

ISW дерегінше, Украина әскері Запорожье облысы Орихов қаласындағы Ресей қорғанысын өткен. Киев күштері енді Мелитополь қаласына жетіп, одан Ресей мен аннексияланған Қырым түбегін жалғап жатқан көпірге баруды жоспарлап отыр дейді америкалық институт.

ISW Украина қарулы күштері оңтүстік-шығыстағы Ресейдің қорғаныс шебіне де жеткенін айтады.

Украина әскері қарымта шабуылды үш ай бұрын бастаған. Батыс елдері шабуыл "бәсең жүріп жатқанын" айтып келген еді. Ал Киев қарымта шабуылды "тез бітетін іс емес" деген.

Украинаның "Таврия" әскери тобына жетекшілік ететін генерал Александр Тарнавскийдің сөзінше, қарымта шабуылда уақыттың көп бөлігі минадан тазарту жұмыстарына кетеді және жаралыларды майдан даласынан эвакуациялауға да көп күш жұмсалады.

Ресей президенті Владимир Путин кеше, 4 қыркүйекте Украинаның қарымта шабуылынан "түк шығып жатқан жоқ" деген еді.

Соғыс жағдайында тараптардың айтқанын тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG