Accessibility links

Ердоған Путинмен кездесуден кейін: "Бейбіт келісімге келетін мүмкіндік көрмедім"


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Сочиде. 4 қыркүйек 2023 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин Сочиде. 4 қыркүйек 2023 жыл.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сочиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден кейін түрік журналистеріне берген сұхбатында "бейбіт келісімге келетін мүмкіндік көрмедім" деп мәлімдеген. Бұл туралы түріктің Milliyet газеті жазды.

"Әзірге бейбіт келісімге үміт сыйлайтын мүмкіндік көрінбейді. Біз, Түркия атынан соғыста жеңістің болмайтынын, ал бейбіт келіссөзде жеңілген тарап болмайтынын тағы да айттық. Екі тарап қаласа, біз қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз" деген Түркия басшысы.

Ердоған мен Путин 4 қыркүйекте Сочидегі кездесуде Қара теңіз арқылы астық тасымалдау келісімін қалпына келтіру бойынша нақты бір шешімге келе алмаған еді.

Киев "Ресей әскері Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған шекарасынан шыққанда ғана бейбіт келіссөз жүргізетінін" бірнеше рет мәлімдеген.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін орыс және украин делегациясы біраз уақыт Беларусь пен Түркияда келіссөз жүргізді.

Ресей келіссөздерде Украина НАТО-ға кіруден бас тартуы қажет және Қырым мәртебесін шешу кейінге қалдыру керек деген талап қойған. Бірақ бұл құжаттарға қол қойылмады.

2022 жылы наурызда Киев облысындағы Буча қаласын Ресей басып алып, бір айдай ұстап, кейін Украина әскері азат еткен. Буча қаласынан азаптан өлген жүздеген адамның мәйіті табылған еді. Буча қырғынынан кейін Украина Ресеймен келіссөз жасауды толығымен тоқтатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG