Accessibility links

БАҚ: Экс-президенттің қарындасы Әнипа Назарбаеваға "тиесілі" колледж мемлекет меншігіне қайтарылды


Шамалған ауылындағы "Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі". 5 қыркүйек 2023 жыл.
Шамалған ауылындағы "Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі". 5 қыркүйек 2023 жыл.

Алматы облыстық соты экс-президенттің туған қарындасы Әнипа Назарбаеваның иелігіндегі колледжді мемлекетке қайтару туралы қаулы шығарды, деп хабарлады "Пятый регион" басылымы. Сот құжаттарында көрсетілген Әнипа Назарбаеваның жеке деректері бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасының деректерімен сәйкес келеді.

Басылымның жазуынша, Шамалған ауылындағы "Үшқоңыр су шаруашылығы колледжін" мемлекет меншігіне қайтару туралы сот мамырдың соңында өткен.

Сот бұған қоса, Әнипа Назарбаеваны мемлекетке 34 500 теңге (75 доллар) төлеуді міндеттеген.

2022 жылы қыркүйекте Алматы облысының қаржы басқармасы "Әнипа Әбішқызы Назарбаеваға тиесілі" делінген "Әнипа" жеке кәсіпкерлікті сотқа берген. Ақпаратқа қарағанда, колледж осы компанияға сатып алу құқығымен бірге сенімді басқаруға берілген.

Жауапкер жағы сот шешіміне қатысты комментарий бермеді.

Қаңтар оқиғасынан кейін сарапшылар экс-президент пен оның айналасындағы адамдардың ықпалы әлсірегенін, соның салдарынан экс-президенттің кейбір туыстары мен серіктері қызметтен айрылып, кейбірі қылмыстық қудалауға ұшырағанын айтқан.

2022 жылы мамырда бас прокуратура Group Of The Companies Tda компаниясының тауарларды рәсімдеу кезінде заңсыздықтар жасағаны анықталғанын хабарлаған. Бұл компанияның құрылтайшыларының бірі Әнипа Назарбаева деп көрсетілген.

Қаңтар оқиғасынан кейін ақпарат кеңістігінде экс-президенттің інісі Болат Назарбаевпен байланысты компанияларға қатысты соттар өткені жөнінде ақпарат жиілеген. 2022 жылы сәуірде Алматы облысындағы Almaty Steklo зауыты иелерінің бірі рейдерлік құрбанына айналғанын, кәсіпорнының жартысын Болат Назарбаев тартып алғанын мәлімдеген. Оның алдында қаржы мониторинг агенттігі Болат Назарбаевпен байланысты майнинг компанияларының анықталғанын да хабарлаған. 2023 жылы наурыз айында қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Болат Назарбаев пен РLS-ТМ компаниясы үстінен түсірген шағымын қараған сот Назарбаевты "Алматы ауыр машина жасау зауыты" акциясының үштен бірін мемлекетке қайтаруды міндеттеген.

XS
SM
MD
LG