Астаналық адвокат Мейіржан Досқараев билік өзін саяси себеппен қудалап жатқанын мәлімдеп, мұны "саяси тұтқындар" Марат Жыланбаев пен Асқар Сембайды қорғап отырғандығымен байланыстырды. Бұл жөнінде қудаланған белсенділер туралы ақпарат тарататын #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы хабарлады. Онда құқық қорғаушы Людмила Козловскаямен сұхбат жарияланған.
Ақпаратқа қарағанда, биыл маусым айында Астана қалалық полиция департаментінің тергеушісі (хабарламада аты-жөні көрсетілген) адвокат Мейіржан Досқараевты Марат Жыланбаевтың ісі бойынша материалдарды жарияламау туралы қолхатқа қол қоюдан бас тартқаны үшін Ақмола облыстық адвокаттар алқасына оны жауапқа тартуды ұсынған.
Топтың айтуынша, Досқараев істе мемлекеттік құпия болмағандықтан ондай қолхатқа қол қоюдан бас тартқан және Қазақстан заңнамасына сәйкес, адвокаттың қолхатқа қол қоймау құқығы бар.
Адвокат Мейіржан Досқараевтың айтуынша, "тергеушінің талабы заңсыз" деген қорытындыға қарамастан тәртіптік комиссия шілдеде Досқараевқа ескерту жасаған. Ондай шешімге "алқаға қатысы жоқ судьялар мен әділет департаментінің өкілдері де қол қойған" деп айтылады.
Адвокат билік өзін адвокат лицензиясынан айыруы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Оның айтуынша, тергеуші "Досқараев қолхатқа қол қоймаса, өкілетті органға адвокат лицензиясынан айыру туралы өтініш түсіремін" деген.
"Негізі бізде бар болғаны екі бап бар: Қылмыстық-процестік кодекстің 70-бабында қорғаушының құқықтары мен міндеттері нақты жазылған. Одан кейін "Адвокат қызметі мен заңгерлік көмек туралы" заңның 35-бабында адвокатың құқықтары нақты көрсетілген. Өзіміздің қорғауымыздағы азаматтарды қалай қорғау керектігі айтылған. Одан басқа ештеңе жоқ. [Тергеуші мені полиция департаментіне апарсын деген ұсыныс айтқаннан кейін] мен бірден ІІМ-нің тергеу департаментіне, қалалық прокуратураға, республикалық адвокаттар алқасына арыз жаздым. Менің құқықтарымды шектеп жатқанын баяндадым. Әзірге жауап келген жоқ... Негізі қазір саяси қудалау болып жатыр. Жыланбаев пен Сембайдың құқықтарын қорғаймын деп өзім де саяси қудалауға ұшырап отырмын" деді Мейіржан Досқараев 6 қыркүйекте Азаттыққа.
Хабарламада көрсетілген тергеушіден Азаттық әзірге жауап ала алмады.
Адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис Азаттыққа берген сұхбатында тергеушінің әрекеті заңсыз екенін айтты.
"Бізде сотқа дейінгі тергеу органдары тергеу құпиялылығы туралы бапты асыра пайдаланып, жарияламау туралы қолхатты қылмыстық іс бойынша ақпаратқа тұтас тыйым салу мүмкіндігі ретінде пайдаланады. Олар жарияламау туралы қолхат алса, бітті, ол адам ол іс туралы жақ ашпауы тиіс деп санайды. Ал бұл құқықты асыра пайдалану және қылмыстық процестегі тараптардың жарысу принципіне қайшы" деді Евгений Жовтис.
Ол қоғам қандай да бір азаматтың не үшін айыпталып отырғанын білуі керек деді.
Адвокатты жарияламау туралы қолхатқа қол қоюға мәжбүрлеу талпынысын құқық қорғаушы белсендінің қудалануы туралы жақ аштырмас үшін жасалған "тұншықтыру" деп атады.
"Бұл саяси қысым, себебі адвокат саяси іс бойынша қудаланып отыр. Адвокатқа қысым бұл саяси қысымның бір түрі" деді Жовтис.
#БелсенділерЭкстремистЕмес тобының хабарлауынша, тергеуші Ақмола облыстық адвокаттар алқасына қайырылып, Досқараевты полицияға барып, жарияламау туралы қолхатқа қол қоюға ықпал етуге тырысқан. Евгений Жовтистің айтуынша, облыстық алқа адвокатты қол қоюға мәжбүрлей алмайды. Ақпаратқа қарағанда, заңнама талаптарына қарамастан Ақмола облыстық адвокаттар алқасы Досқараевқа тәртіптік айыппұл салған. Облыстық адвокаттар алқасы бұл әрекетін түсіндірмеді.
Адвокат Мейіржан Досқараев қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевтың қорғаушысы. Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жетекшісі мамыр айынан бері "экстремистік ұйымды қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы бойынша Астананың тергеу изоляторында отыр. Жыланбаев пен жақтастары істің саясиланғанын айтады.
Марат Жыланбаев ұсталғаннан кейін Қазақстанның түрлі өңірінде ондаған белсенді бұл іс бойынша тергеуге шақырылған. 60-қа толған Марат Жыланбаевты Шымкентте қолдап, стадионда жүгірген азаматтық белсенді Гүлжан Мұратбаеваға өткен аптада полиция ескерту жасаған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.