Accessibility links

ШҚО-да 200-ден астам теміржолшы бірнеше күннен бері жалақы өсіруді талап етіп, жұмысқа шықпады


Dosjan temir joly компаниясының жұмысшылары жұмыс берушіге талаптарын жеткізіп тұр. Өскемен, 5 қыркүйек 2023 жыл.
Dosjan temir joly компаниясының жұмысшылары жұмыс берушіге талаптарын жеткізіп тұр. Өскемен, 5 қыркүйек 2023 жыл.

Шығыс Қазақстан облысында "Шар станциясы – Өскемен" бағыты бойынша темір жолға қызмет көрсететін "Dosjan temir joly" компаниясының 200-ден астам жұмысшысы жалақыны 50 пайыз өсіруді талап етіп, бірнеше күннен бері жұмысқа шықпаған. Бұл жөнінде Азаттыққа наразы жүмысшылар хабарлады. Басшылық компанияда жұмысшылардың талаптарын орындайтындай жағдай жоғын алға тартып отыр.

"Бізде жұмысшылардың ең төменгі жалақысы 180 мың теңге. Соған келіспей отырмыз. 1 қыркүйектен бастап жұмысқа шыққан жоқпыз. 200-ден астам адам" деді 6 қыркүйекте Азаттыққа жол бастығының орынбасары Қуат Нұрпейісов.

Жұмысшылардың айтуынша, 180-200 мың теңге қымбатшылық кезде отбасыларын асырауға жетпейді. Қуат Нұрпейісовтің сөзінше, 6 қыркүйекте түсте Астанадан басшылар келіп, жиналыс болған. Бірақ онда да ешнәрсе шешілмеген.

"Астанадан басшылар келді. Кешегі берген уәделер ғой: Жаңа жылға дейін шыдаңдар, сол кезде 15 пайызға өсіреміз деген нәрсе. Уәдені үйіп-төгіп берді, бірақ іс жүзінде ештеңе орындалған жоқ" деді ол.

Жұмысшылардың Азаттыққа жіберген видеосында ондаған жұмысшының компанияның Өскемендегі кеңсесі ауласында жиналып тұрғаны көрінеді. Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, оқиға 5 қыркүйекте болған. Видеода жұмыс беруші жақтан да бірнеше адам келгені, жұмысшылармен келіссөз жүргізіп жатқаны көрінеді.

"Өткен қыстан әзер шықтық. Енді шыдай алмаймыз. Екі адамның жұмысын істеп жүрміз" дейді видеода жұмысшылардың бірі компания басшыларына.

Тағы бір жұмысшы қымбатшылық кезінде 170-180 мың теңгеге отбасын асырау мүмкін еместігін алға тартады.

Видеода жұмыс беруші жақтың өкіліне ұқсайтын адам "жоғары жақпен сөйлесті, жалақы өсіруге мүмкіндік жоқ деді...Өз еріктерің. Көшемін десеңіздер көше беріңіздер... [Адам табу] бұл біздің проблемамыз" дейді.

Жұмысшылардың айтуынша, компанияда жұмыс 1 қыркүйектен бері тоқтаған. Содан бері "Шар станциясы – Өскемен" бағыты бойынша темір жолға тексеріс жүргізілмегенін айтады.

"Атқаратын жұмысымыз темір жолға қараймыз. Қауіпсіздікті сақтаймыз. Бірнеше күннен бері бұл жұмыстар атқарылған жоқ. Бастықтар көз жұма қарап отыр. Бұл бағыт бойынша жолаушылар пойызы да жүреді. Қауіпсіздікті ойлайтын шығар" деді наразы жұмысшылардың бірі.

Ақпаратқа қарағанда, теміржолшылар мен жұмыс берушілер арасында келіссөз бүгін, 6 қыркүйекте де сәтсіз аяқталған.

6 қыркүйекте Азаттық компанияның ресми сайтында көрсетілген телефонға бірнеше рет хабарласқанмен ешкім телефон тұтқасын көтермеді. Компанияның Өскемендегі телефонына да ешкім жауап бермеді.

Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Dosjan temir joly АҚ "Шар станциясы – Өскемен" бағыты бойынша темір жолды салу және пайдалану жобасын жүзеге асыру мақсатында 2005 жылы наурызда құрылған. Аталған бағыт бойынша Қорғау (Өскемен) – Локоть (Ресей) – Семей (солтүстік-батыс және оңтүстік бағыт) бағыты бойынша жүк тасымалданады. Бұған қоса, "Астана – Нұрлы-Жол – Өскемен", "Алматы - Өскемен", "Өскемен - Жалаңашкөл" бағытындағы жолаушылар пойызы жүреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG