Accessibility links

Ресей төрт мыңнан астам қырғыз азаматын "қара тізімге" енгізген


Мәскеуде мигранттарды ұстау. Қазан айы 2013 жыл.
Мәскеуде мигранттарды ұстау. Қазан айы 2013 жыл.

Тамыз айында Ресейдің "қара тізіміне" ілінген қырғызстандықтардың саны 47 989 адамға жеткен. Бұл шілде айындағы көрсеткіштен 4 355 адамға көп. Бұл жөнінде Қырғызстанның еңбек, көші-қон және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның айтуынша, осы уақыт ішінде қанша қырғыз азаматы Ресейден еліне депортацияланғаны туралы мәлімет жоқ.

2023 жылдың мамыр айында Ресейддің "қара тізімінен" 45 мың Қырғызстан азаматы шығарылған, соған қарамастан тізімде 43 634 қырғызстандық қалған.

Тамыз айында Ресей қалаларында полиция рейд жүргізгізіп, азаматтық алып, әскери тіркеуден өтпеген 100-ге жуық мигрантты анықтап, әскери бөлімшеге жеткізді деген ақпарат тарады. Рейд барысында бірнеше жүз адамның құжаттары тексерілген, оның басым бөлігі – шетел азаматтары. Ресми түрде рейдтің мақсаты "азаматтардың көші-қон заңын сақтап жүргенін-жүрмегенін қадағалау" деп түсіндірілді.

Ресей заңына сай, ауыр қылмыс жасаған, заңды өрескел бұзған шетел азаматтары "қара тізімге" енгізіліп, оларға өмір бойы елге кіруге тыйым салынады. Ал әкімшілік құқық бұзу бойынша азаматтар бұл мүмкіндіктен үш-бес жылға айырылады.

Ресей мен Қырғызстан арасында екі елдің азаматтығын мойындау туралы келісім жасалмаған. Соған қарамастан Ресей паспортын алған мигранттардың көбі Қырғызстан азаматтығынан бас тартпаған.

Ресейдің Украинадағы соғысқа қос азаматтығы бар адамдарды жіберген кездері белгілі болды. Содан кейін Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі Ресей паспорты бар қырғыздардың Ресей азаматы екенін ескерткен.

Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресей әскери келісімшартқа отырып, соғысуға келіскен мигранттарға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беруді қарастыратын заң қабылдаған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Украинадағы соғыста Ресей әскері жағында кемінде 10 қырғыз азаматы қаза болған. BBC ақпарат агенттігі кемінде 13 адамның аты-жөнін атаған. Ресей әскері немесе жеке әскери компания жасағының құрамында тағы қанша қырғыз азаматының соғысып жүргені әзірге белгісіз. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті "шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу" бабы бойынша кемінде екі қылмыстық іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG