Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті. Сот үкімі күшіне енгеннен соң сотталушыға кастрация жасалатын болды. Сот бұған қоса, айыпталушыны жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Марқұмның ата-анасы үкіммен келісетінін жеткізді. Бірақ бұрын сотталушыға жеңіл жаза берген судья мен прокурорды жазалауды сұрады.
Ал айыпталушы сотта өзіне жазаны жеңілдетуді өтінді. Оның өзіне тағылған айыпты мойындағаны-мойындамағаны белгісіз. Жәбірленуші жақтың айтуынша, ол сотта адам өлтіргенін мойындаған, бірақ "зорлау" бабы бойынша айыппен келіспеген. Ал судья үкім кезінде "сотталушының кінәсі сараптама және өзге де деректермен дәлелденді" деді.
Үкім Шымкент қаласы Сәуле ықшам ауданында орналасқан айыпталушы Гаийбназаров ұсталғаннан бері қамауда жатқан ИЧ-69 мекемесінде оқылды. Үкімді тыңдауға тек айыпталушы мен жәбірленушілер және олардың адвокаттарын ғана кіргізді.
Жарыссөзде прокурор соттан айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айырып, жазаны өтеу кезінде кастрация жасауды сұраған.
Іс 1 қыркүйекте қарала бастады. Іске кәмелет жасқа толмаған қыздың қатысы болған соң жабық қаралатыны хабарланды. Бірақ бұған жәбірленушілер наразылық білдірген.
Айыпталушы 15 шілде күні екі айға қамалған. Ол «мас хәлде ойнап жүрген 5 жасар қызды ән қойып беремін деп алдап өз үйінің ауласына кіргізіп, дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданды. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қасақана жасады» деген күдікке ілінген. Сот мәліметінше, күдікті қылмысын жасыру үшін қызды өлтірген, ол үшін асхана пышағын пайдаланған.
13 шілде күні түсте Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген 5 жасар қыздан ата-анасы әп-сәтте көз жазып қалған. Қызды әуелі туыстары, кейіннен бүкіл ауыл іздеп шығып, кешке көршісінің үйінің шатырынан өлі күйінде тапқан. Бұл суық хабар ауылды дүр сілкіндіріп, ашу-ызаға булыққан тұрғындар күдіктіні өздеріне беруді талап еткен. Ауылға полиция кіргізіліп, екі күн интернет ажыратылған.
Марқұмды туыстары 14 шілде күні жерледі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомат Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне бұл іске байланысты оқиғаның мән-жайын тексеруді тапсырған.
Ресми мәліметке қарағанда, айыпталушы бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін» оның бостандығын 3 жылға шектеген. Оқиғадан соң Жоғарғы сот күдіктіні бұрын жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берілгенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР