АҚШ Украинаға 600 млн доллар көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді. Бұл жөнінде ресми ақпарат Пентагон сайтында жарияланды. Украина қауіпсіздігін нығайтуға атсалысу бастамасы арқылы (USAI) берілетін пакеттің ішінде Украинаның әуе қорғанысын күшейтуге бағытталған жабдықтар, артиллериялық оқ-дәрі және өзге де құралдар бар.
"АҚШ Украинаның соғыс алаңы мен қауіпсіздік саласындағы ұзақмерзімді қажеттіліктерін өтеу мақсатында одақтастары және әріптестерімен бірге тізе қосып, істеп жатыр" деп жазылған АҚШ қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Кейінгі бірнеше күнде АҚШ Украинаға түрлі көмек көрсететінін мәлімдеген. 6 қыркүйекте Украинаға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келіп, Вашингтон Украинаға 1 млрд доллар көмек беретінін айтқан.
Сол күні АҚШ қорғаныс министрлігі Украинаға 175 млн доллар көлемінде әскери көмек бөлгенін хабарлаған. Аталған пакет аясында Украинаға алғаш рет азайтылған ураны бар снарядтармен жабдықталған "Абрамс" танкілері жеткізілейін деп отыр.