Accessibility links

Галкиннің продюсері Қазақстанда әртістің концерті өтетінін хабарлады. Алматы және Астана әкімдіктері растады


Максим Галкин
Максим Галкин

Алматы мен Астанада ресейлік әртіс Максим Галкиннің концерттері өтеді. Бұған дейін әртіс Қазақстан аумағында өзінің концерттерін өткізуге "жазылмаған" тыйым барын айтып, шағымданған еді. Концерт өтетінін оның продюсері Алексей Пучков хабарлады.

"Жақсы жаңалығымыз бар! Қазақстанда Максим Галкиннің концерттері өтетін болды" деп жазды продюсер Facebook-тағы парақшасында.

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Азаттыққа әртістің концерті 8 қазанда орталық концерт залында өтетінін айтты. Әкімдік өкілдері "концертке бұрын да тыйым болмағанын" атап өтті. Олардың сөзіне қарағанда, Галкиннің өкілдері таңдаған күні Ұстаздар күніне орай шара өтетіндіктен оларға наурыз айында басқа күн мен уақытты таңдауға кеңес берілген. Тамыз айында Галкиннің өкілдері тағы өтініш бергеннен кейін өтініші мақұлданған.

Азаттық тілшісі әкімдік өкілінен "Галкиннің сахнада айтып жүрген саяси сөздеріне қатысты шектеу бар ма?" деген сұрағына "ешқандай шектеу жоқ" деп жауап берді.

Алматы әкімдініеің өкілдері де осыған ұқсас жауап айтты.

Бұған дейін Максим Галкин бірнеше айдан бері Қазақстанда концерт өткізе алмай жүргенін айтқан. 30 тамызда Instagram-парақшасында жариялаған видеосында Галкин Алматы мен Астанада жоспарлаған концертіне Қазақстанда "мемлекеттік деңгейде кедергі келтіріп жатқанын" айта келе, "шенеуніктер командама үнемі қарсылық танытады" деген.

"Қандай да бір ойдан шығарылған себептер, кулуардан тыйымдар бар. Біресе [билет] сатылымын тоқтады, біресе... Бәлкім, мен Қазақстан билігіне қауіпті шығармын, сондықтан менің концерттерімді өткізуге қорқатын шығар. Қазіргі уақытта құпия түрде концерттерімді өткізуге тыйым салынды" деді Галкин видеода.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Максим Галкин мен Алла Пугачева балаларымен бірге Ресейден кеткен. Галкин шетелде жүріп, Ресейдің әрекетін қатаң сынаған.

2022 жылы 16 қыркүйекте Ресей әділет министрлігі Максим Галкинді "шетел агенті" тізіміне қосқан. Министрліктің түсіндіруінше, Галкинді "шетел агенті" тізіміне енгізуге себеп болған жайт – "Украинадан түскен қаржы". Ведомство мәлімдеуінше, тележүргізуші саяси қызметпен айналысады.

Галкин Ресей билігінің бұл айыптауларын жоққа шығарады. Кейін Максим Галкиннің әйелі, Ресейдің танымал әншісі Алла Пугачёва Ресей билігінен өзін "шетел агенті" тізіміне қосуды сұраған.

Соғыс басталғалы бері ресейлік әртістердің көбі бұрынғыдай жер-жерде концерт өткізу мүмкіндігінен айырылды. Қазақстанда Ресей әншілерінің концертіне жаппай емес, ішінара тыйым салынады. Мысалы, "танымал Z-әртіс" деген атаққа ие Полина Гагаринаның концерті көпшіліктің талабымен өтпей қалды. Бірақ Киркоровтың Астана мен Алматыдағы концертіне ресми қарсылық болмады.

Әлеуметтік желідегі жаппай наразылыққа байланысты Лариса Долина Қазақстанға келе алмады. Концерт өтетін орынның әкімшілігі әлеуметтік желіде "Қарағанды облысы тұрғындарының негатив реакциясына байланысты ұйымдастырушыға Лариса Долинаның концертін өткізуге орын берілмейді" деп жазды.

Биыл 15 ақпанда Алматыда ресейлік әншілер қатысатын "Жара" фестивалі өтпей қалған. Ұйымдастырушылар елдегі және әлемдегі саяси жағдайға байланысты музыкалық шара кейінге қалатынын хабарлаған. Ресейлік шоу-бизнес өкілдері, ішінде соғысты қолдайтын Григорий Лепс те бар, 2022 жылдың жазынан бері Қазақстанда концерт өткізуге талпынып келеді

XS
SM
MD
LG