Accessibility links

Маск Қырымда Starlink жүйесі бұрын да істемегенін айтты


Америкалық кәсіпкер Илон Маск
Америкалық кәсіпкер Илон Маск

Space X компаниясының иесі, америкалық кәсіпкер Илон Маск Ресей аннексиялап алған Қырымда украин армиясының интернетін шектемегенін айтіп, бұл аймақта әу бастан Starlink жүйесі қосылмағанын айтты.

"SpaceX ештеңені өшірген жоқ" деді Илон Маск X желісінде (Twitter қазір осылай аталады).

Маск жазбасында Украина билігі Starlink-ті "Севастопольге дейін аралықта" іске қосу туралы шұғыл өтініш түсіргенін растаған. Бірақ бұл өтінішін орындамаған.

"Олар якорьда тұрған ресейлік кемелердің басым бөлігін суға батыруды көздеді. Егер олардың өтініштерін орындасам, онда SpaceX ірі әскери қимылға араласып, жағдайды ушықтыруға араласқан болып шығар еді" деді Маск.

Жуырда CNN былтыр Маск Украина әскеріне Севастопольдегі ресейлік кемелерге суасты дрондарымен шабуылдауына мүмкіндік бермес үшін Starlink жүйесін өшіру туралы жасырын тапсырма бергенін жазған. Дәл осындай тұжырым 12 қыркүйекте АҚШ-та шығатын Масктің биографиясы туралы кітапта да бар. Кітапты танымал биограф Уолтер Айзексон жазған.

Кітап авторының айтуынша, Маск компания инженерлеріне байланысты өшіруге тапсырма берген, себебі украин әскері ресейлік кемелерді батырса, Мәскеу бұған ядролық соққымен жауап беруі мүмкін деп қауіптенген. Кей ақпаратқа қарағанда, Маск Ресейдің жоғары лауазымды өкілдерімен сөйлескеннен кейін сондай қорытындыға келген.

Украина өкілдері миллиардерді шешімін өзгертуге көндіруге тырысқан, алайда Маск айтқанынан қайтпаған.

"Жұрт Netflix көрсін, демалсын, мектепте интернетке қосуға мүмкіндік алсын, бейбіт шаруалармен айналыссын деп Starlink-ті құрастырдық. Дрондармен соққы жасасын деп құрастырған жоқпыз" деген Маск кітап авторына.

CNN Айзексонның жазғандарын айғақтайтын тәуелсіз дереккөз таба алмаған.

Ал ақпаратқа пікірін айтқан Украина президенті кеңсесінің көмекшісі Михаил Подоляк Масктің бұйрық бергені шындық деді.

"Украин дрондарына Ресей флотын жоюға мүмкіндік бермеген Илон Маск ресейліктерге украин қалаларын "Калибр" ракеталарымен атқылауына жағдай жасады, соның салдарынан бейбіт азаматтар, балалар өлді" деп жазды Подоляк.

XS
SM
MD
LG