Орал соты Қазақстанға қашып келген ресейлік Игорь Санджиевтің өтінішін орындамады. Санджиев соттан жергілікті биліктің босқын мәртебесін бермеу туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
"Мой город" сайты судья Альбина Әбілкәрімованың сөзінен үзінді келтіреді. Онда сот Санджиев нәсіл, ұлт, сенім, азаматтық немесе белгілі бір топқа жатқандығы үшін немесе саяси көзқарасына орай қуғындалып отырмағаны анықталғанын жеткізеді.
Санджиевтің өзі шешіммен келіскен жоқ. Ол Ресейге оралса, Украинадағы соғысқа барудан бас татқаны үшін өзіне қылмыстық іс қозғалуы мүмкін деп қауіптенеді. Ratel.kz жазуынша, Қазақстан билігі Санджиевке босқын мәртебесін беріп, "өзге мыңдаған адамға жол ашып" солтүстігіндегі көршісін "ашуландырғысы келмейді".
Сот шешімі әзірге күшіне енген жоқ. Судьяның айтынша, Санджиев екі ай ішінде шешімге шағым түсіре алады. Бұған қоса, шешімге прокурор да қарсылық білдіре алады.
Сот материалдарына қарағанда, биыл 26 наурызда Игорь Санджиев Қазақстан шекарасын заңсыз өткен. Ол Ресейдегі Волгоград қаласында орналасқан әскери бөлімнен қашып шыққан. Санджиев Украинадағы соғысқа барғысы келмеген. Қазақстанда оны "мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін" соттап, Ресейге депортациялау туралы шешім де шығып қойған.