Украинаның сыртқы істер министрлігі аннексияланған Қырым мен Мариупольге бір топ қытай блогері барғаннан кейін Пекиннен түсініктеме талап етті. Сапарды кремльшіл "Россия сегодня" медиа тобы ұйымдастырған.
Өзін республика жариялап алған "Донецк халық республикасының" Ресей тағайындаған басшысы Денис Пушилин 7 қыркүйекте қытай қонақтарының Мариупольге сапары жөнінде жазба жариялады. Ол Мариупольдегі Ресей әскері қиратқан драма театр маңында опера әншісі Ван Фанның "Катюша" әнін шырқап тұрған видеосын салды.
2022 жылы 16 наурызда Ресей әскері аталған драма театраға бомба тастаған. Ол кезде ғимаратты жүздеген адам паналаған, арасында балалар да болған. Мариуполь қалалық кеңесінің хабарлауынша, шамамен 300 адам қаза болған. Ал Associated Press зерттеуіне сәйкес, ғимарат іші мен сыртында қаза болғандарды қосқанда құрбандар 600-ге жетуі мүмкін.
Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі Олег Николенко қираған драма театр маңында ән шырқаған қытай әншісінің әрекетін "моральдық азғындықтың айқын үлгісі" деп атады. Ол сонымен бірге Ресей аннексиялап алған Мариупольге қытай блогерлерінің сапарын заңсыз екенін айтты.
"Украина Қытайдың территориялық тұтастығын құрметтейді және Қытай жағы өз азаматтарының Мариупольге сапарының мақсатын, сонымен бірге басып алынған украиналық қалаға қалай барғанын түсіндіреді деп ойлаймыз" деп жазды
Сарапшылар соғыс кезінде Қытайдың Ресейді бірнеше рет қолдағаны дәлелденгенін айтқан. Биыл наурыз айында New York Times басылымы басқыншылық басталғалы бері Қытай Ресейге құны 12 млн доллар болатын дрон мен оның бөлшектерін жеткізгенін жазған. Соған қарамастан сәуір айында Украина басшысы Владимир Зеленский Қытай жетекшісі Си Цзиньпинмен сөйлескен.