Accessibility links

Ресей әділет министрлігі Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісін "шетел агенті" деп таныды


Мумин Шакиров
Мумин Шакиров

Ресей әділет министрлігі "Порнофильм" музыка тобының әншісі Владимир Котляров пен Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Мумин Шакировті "шетел агенті" тізіміне қосты. Бұл жөнінде ведомство сайтында жазылған.

Бастапқыда кинорежиссер болған Шакиров 1990-жылдардың ортасынан бастап журналистикамен айналыса бастаған. Тәжікстан, Шешенстан, Ауғанстан, Абхазия мен Югословиядағы қақтығыстардан хабар таратқан. Азаттықтың Орыс қызметінде "Грани времени" бағдарламасын жүргізген.

Әділет министрлігінің хабарлауынша, Шакиров Ресей билігі қабылдаған шешімдер туралы "жалған ақпарат" таратқан, Украинадағы соғысқа қарсы шыққан, "шетел агенті" тізіміне кірген ақпарат құралымен әріптестік орнатқан.

Министрліктің айтуынша, Котляров Украинаны ашық қолдап, "шетел агенттерінің материалдарын құруға атсалысқан", "Ресейге қарсы көзқарасты қалыптастыруды көздейтін әрекетпен айналысқан, Ресей азаматтарын жамандап, терроризмге қатысы бар тұлғаларды қолдаған".

"Шетел агенті" реестрін сонымен бірге Азаттықтың Орыс қызметінде мақалаларын жариялап тұратын публицист Андрей Мальгин, дінтанушы Николай Митрохин, ПАРНАС партиясының саясаткері Наталья Пелевина, Тула облысының жергілікті депутаты Ольга Подольская толықтырды.

  • "Шетел агенті" туралы заңнама Ресейде 2012 жылы пайда болды. Заң әділет министрлігіне шетелден қаржы алатын, саяси қызметпен айналысатын коммерциялық емес ұйымдарды "агент" деп атауға мүмкіндік береді. Сарапшылар заңның бұлыңғыр тұстары көп, сондықтан бұл билікке ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау саласы, экология, адам құқығы саласында істейтін ұйымдар мен тұлғаларды қудалауға жол ашты дейді.
  • Соның салдарынан шетелден қаржы алмаса да шетелдің ықпалына түскен ұйымдар мен жеке тұлғалар да "шетел агенті" деп таныла бастаған. Ресей заңнамасында шетел ықпалы деген ұғымға анықтама берілмеген.
XS
SM
MD
LG