Accessibility links

DPA: БҰҰ бас хатшысы мен Ресей сыртқы істер министрі санкцияны жұмсарту мәселесін "жасырын" талқылаған


БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Делидегі G20 саммитінің ашылуы қарсаңында.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш 28 тамызда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа жасырын хат жіберіп, Ресейді "астық келісіміне" оралуға шақырып, есесіне санкцияны жұмсартатынын айтқан. Бұл жөнінде 8 қыркүйекте DPA агенттігі хабарлады. Бұл жөнінде Bild басылымы да жазған. Басылымның мәліметінше, Гутерриштің ұсынысы нақты төрт пунктіден құралған.

"Неміс толқыны" тамыз айында Нью-Йоркте Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш кездескеннен кейін жұртқа тараған хабарламаларға шолу жасаған.

БҰҰ бас хатшысы хатта атап айтқанда, 2022 жылы маусым айында Еуроодақтың Ресей ауыл шаруашылығы банкіне (Россельхозбанк) салған санкциясының күшін жоюды ұсынған. Россельхозбанк Ресейдің өзге қаржы мекемелері тәрізді SWIFT жүйесінен ажыратылған.
"Неміс толқынының" жазуынша, Гутерриштің ұсынысы бойынша осы банкке еншілес компания құрылып, ол SWIFT желісіне қосылып, төлем операцияларына арналған техникалық қызмет көрсетеді.
Еурокомиссия өкілі Bild басылымына берген сұхбатында Еуроодақтың "конструктивті шешім" табу талпынысына келісім бергенін растаған. Ол ЕО санкциясын бұзбай, SWIFT арқылы ауыл шаруашылық өнімдерінің саудасын жүргізуге мүмкін береді деген.
Bild-тың жазуынша, БҰҰ екінші пунктінде Ресей кемелерін Азов және Қара теңізде сақтандыруды ұсынған.
"Ресейдің азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыштарын экспорттауға арналған БҰҰ қаржыландыратын сақтандыру компаниясы жұмысын 4-6 апта ішінде бастауы мүмкін" деп басылым Гутерриштің хатынан үзінді келтіреді.
Үшінші пункт Ресейге ЕО-да бұғатталған активтерін қайтаруды қарастырады.
Төртінші пунктте азық-түлік пен тыңайтқыш тиеген ресейлік кемелерге Германия және өзге елдердің портына кіруге жағдай жасау мәселесі жазылған.

Украина сыртқы істер министрлігі Гутерриш пен Лавров арасындағы "жасырын келіссөзге" реакция білдірді. "Европейская правда" сайты Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі Олег Николенконың "Ресейге қарсы санкцияны жұмсарту мәселесінде Украина бұрынғы ұстанымынан айнымайды" деген сөзін келтіреді.

"Халықаралық қауымдастық жазасыздық пен басқыншылыққа жұмсақтық танытудың орнына Ресейді өз міндеттерін орындауға мәжбүрлеуге күш салуға тиіс" деді Николенко.

XS
SM
MD
LG