Accessibility links

Мәскеу Ереванды "достыққа жатпайтын қадамдары үшін" жазғырды


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Ресей сыртқы істер министрлігі 8 қыркүйекте Арменияның Мәскеудегі елшісі Вагаршак Арутюнянды шақырып, Кремльдің ойынша "достыққа жатпайтын қадамдары" үшін жазғырып, "қатаң ескерту" жасаған.

Мәскеу Ереванды төмендегі әрекеттері үшін айыптаған:

  • Армения аумағында 11-20 қыркүйекте АҚШ-тың қатысуымен әскери жаттығу өтуі. Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян өз аумағында ҰҚШҰ жаттығуын өткізуге рұқсат бермеген. La Repubblica басылымына берген сұхбатында ол қауіпсіздік саласында Ресейге толық тәуелді болу "стратегиялық қателік" болғанын мәлімдеген.
  • Арменияның Украинаға гуманитарлық көмек беруі және Киевке Пашинянның әйелі Анна Акопянның баруы. Акопян ол жаққа әлем жетекшілері жұбайларының кездесуіне барған. Сапар барысында Акопян Украина президенті Владимир Зеленскиймен суретке түскен. Ресей сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде Украина билігіне қатысты "нацистік" деген сөзді қолданған.
  • Арменияның Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотының қатысушысы ететін Рим статутын ратификациялауы. Биыл наурызда Гаага соты Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындау туралы ордер шығарған. Статутты ратификациялағаннан кейін армян билігі Путин барса, оны тұтқындауға міндетті.

СІМ елшіге сонымен бірге Армения парламентінің спикері Алена Симонянның Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарованың "намысына тиетін сөздері үшін" қарсылық нотасын тапсырған. Алена Симонян бір сөзінде Захарованы "қандай да бір хатшы" деп атап, оның сөзіне жауап беруді өзінің "деңгейі санамайтынын" айтқан.

СІМ мәлімдемесінде ескертулерге қарамастан Мәскеу Арменияны өзінің одақтасы санайтынын атап өткен. Ереван әзірге реакция білдірген жоқ.

XS
SM
MD
LG