Accessibility links

ҚазТАГ тілшісіне жасалған шабуыл: Журналист істе жәбірленуші танылды


Қарағанды облысында "Қазақстан" шахтасындағы өрттен ақпарат тарату кезінде шабуылдың салдарынан жеңіл жарақат алған ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызы.
Қарағанды облысында "Қазақстан" шахтасындағы өрттен ақпарат тарату кезінде шабуылдың салдарынан жеңіл жарақат алған ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызы.

Қарағанды облысы Шахтинск қаласының полициясы кәсіби міндетін атқару кезінде шабуылға ұшыраған ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызын оқиғадан кейін үш апта өткен соң жәбірленуші деп таныды. Тиісті қаулы 9 қыркүйекте шықты.

Іс "Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау" (158-бап, 2-бөлік) бойынша тергеліп жатыр. Бұған дейін "Қазақстан" шахтасының аумағынан ақпарат таратқан Диана Сапарқызына шахта иесі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының қызметкерлері мен жеке күзет фирмасының өкілдері тап берген еді. Іс нақты адамдар үстінен емес, оқиғаға қатысты қозғалған. 10 қыркүйекте таңертең Диана Сапарқызы тергеуге шақырылып, полицияда бірнеше сағат болды.

Журналистің адвокаты Шырын Әмірғалиеваның айтуынша, тергеу органдары оқиғаны қылмыс емес, әкімшілік құқық бұзушылық ретінде көрсеткісі келген.

— Полиция қылмыстық іс қозғағысы келген жоқ: бастапқыда істі тіркеп, кейін номенклатураға итеріп қойды. Журналистің жарақатына сараптама жүргізілгеннен кейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, шабуылдаушы екі адамның біріне әкімшілік іс қозғалған. Біз қылмыс құрамы барын айтсақ та полиция бізді тыңдағысы келген жоқ. Прокуратураға сүйеніп, "іс сотқа жіберілсін: егер қылмыс құрамы болса, онда әкімшілік заңбұзушылықты тоқтатып, жеке қаулы шығарады, қылмыстық іске жөнелтеді" деді. Осылайша бәрін сотқа аударғысы келді, – деді журналисті қорғап жатқан "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының адвокаты Азаттыққа.

18 тамызда "Қазақстан" шахтасында апаттан хабар таратуға барған ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызына екі ер адам тап беріп, телефонын тартып алған, кейбір файлдарды өшіріп тастаған. Журналист өзіне тап берген адамдарды видеоға түсіріп алған.

Сот медицина сараптамасынан өткеннен кейін Диана Сапарқызы "журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру" бабы бойынша полицияға арыз түсірді. Дәрігерлер оның сол иығы қанталап кеткенін анықтаған. Сарапшы оның жеңіл дене жарақаты алғанын айтады. Полиция тергеушісі сот медицина сараптама өкілдеріне тек дене жарақатына қатысты емес, "журналист ішімдік ішкен бе?" деп те сұрақ қойған. Сарапшы қорытындысында оны анықтау міндетіне кірмейтінін айтқан.

"Әділ сөздің" жазуынша, полицияға берілген түсініктемеде шахтаның күзет қызметкерлері өздеріне бір адам видео түсіріп жатқаны туралы хабар түскеннен кейін оны "шахта аумағынан шығарып салғанын" жазған. Олар журналиске күш қолданғанын жоққа шығарып, оның журналист екенін білмегенін де айтқан.

Бұған дейін "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін ҚазТАГ агенттігінің тілшісі Диана Сапарқызына "Қазақстан" шахтасында жасалған шабуылды тергеуге шақырған. Ал "Әділ сөз" бас прокурорға ашық хат жазып, тиісті шара қолдануға үндеген.

Қазақстанда журналистерге шабуыл – сирек кездесетін құбылыс емес. Қазақстан бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексінде 134-орында тұр. Бұл рейтингті халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы дайындайды. Ұйым өкілдері Қазақстанда "ақпаратқа қолжеткізу құқығы шектелген", "үкімет ақпараттық кеңістікті бақылауда ұстағысы келеді", "журналистер цензурадан зардап шегіп отыр" деп есептейді.

XS
SM
MD
LG