Accessibility links

Ресей НАТО-ға қосылған Финляндиямен шекарасындағы әскери базасын қайта жасақтай бастаған


Алаккурти
Алаккурти

Ресей ұзақ үзілістен кейін Финляндиямен шекарасындағы әскери базасын қайта жасақтай бастады. Бұл жөнінде Финляндияның аса ірі Yle телерадиокомпаниясы Мурманск облысының оңтүстік-батысындағы Ресейдің Алаккурти әскери базасы мен Петрозаводскідегі әскери қоймасының спутниктен түсірілген суреттерін сараптай отырып хабарлады.

Телерадионың хабарына қарағанда, Алаккурти суреттерінен жаңа құрылыстар, техника орналастыруға арналған ангарлар анық көрінеді. Журналистер сөйлескен әскери сарапшының айтуынша, әрбірі 2500 шаршы метр жаңа ангарлардың (барлығы үш ангар) әрқайсына 40-қа дейін берен транспортер, яғни бір батальонның техникасын орналастыруға болады.

Фин шекарасы маңындағы Петрозаводскінің танк пен артиллерияға арналған қоймалары жанынан да сарапшылар жаңа құрылыс байқаған.

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, жаңа ангарлар әскери бөлімдерді күшейту үшін ғана емес, әскери техникаларды жөндеп, Украинадағы майданға аттандыру үшін де пайдаланылуы мүмкін.

Финляндия әскери сарапшыларының сөзінше, Украинамен соғысып жатқан Ресейдің әзірге Финляндиямен шекарадағы әскерді күшейтетіндей шамасы жоқ. Былтыр желтоқсанда және биыл тамызда Шойгу фин шекарасындағы күзетті күшейтінін екі рет айтқан.

  • Биыл сәуірдің басында Финляндия НАТО мүшелігіне өткен. Бұған дейін бейтарап болып келген бұл ел Ресей Украинаға жаппай басып кірген соң, 2022 жылы мамырда НАТО-ға алу жөнінде өтініш түсірген. Финляндияның Ресеймен шекарасы 1300 шақырымнан асады. Ресей Финляндияның НАТО-ға алынғанына "әскери-техникалық және өзге де сипатта" жауап шара қабылдайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG