Еурокомиссия Ресейге салынған санкция заңына түсініктеме берді. Бұл заң бойынша Ресейде тіркелген көліктер Еуропа одағы елдеріне кірер болса, тыйым салынған импорт ретінде бағаланады. Еурокомиссия түсініктемесін алғаш РБК жариялады.
Бұған дейін Ресейде тіркелген көліктің Германия кеденінде бірнеше рет тоқтатылғаны туралы хабар тараған. Кеден қызметкерлері Еуропа одағының санкция нормаларына сілтеген.
Еурокомиссияның түсініктемесіне қарағанда, қазіргі санкциялық режим бойынша Ресейде тіркеліп, Еуропа одағына кірген көліктер тыйым салынған импорт ретінде қарастырылады. "ХХІ қосымшада көрсетілген кеден кодына (8703 коды да бар) жататын болса, Ресейде жасалған немесе одан экспортталған көлік жеке мақсатта немесе коммерциялық мақсатта пайдаланылса да тыйым салынған экспорт саналады. Көбіне бұл - Ресей нөмірін таққан көліктерге байланысты", – дейді Еурокомиссия құжатында.
Аталған қосымша тізіміндегі тауарларды Ресейден Еуропа одағына кіргізуге болмайды. РБК сұрау салған сарапшылар сөзіне қарағанда, Еуропа одағының кеден органдары тек көлікті ғана емес, ресейліктердің ноутбук, смартфон, косметика, шамаданы мен дәретханаға қағазы секілді жеке заттарын да өткізбеуге тиіс.
Дегенмен ресми сайтында жариялай тұра, Еурокомиссия өз түсініктімесін "ұсыныс сипатында" екенін ескерткен, өйткені "Еуропа одағының заңнамасына түсініктемені Еуропа соты ғана бере алады". Еурокомиссия түсініктемесін кеден органдары іс жүзінде қаншалықты басшылыққа алары әзірге белгісіз. Алайда Ресейдің Финляндиядағы елшілігі қазірдің өзінде Еуропа одағына Ресей нөмірін таққан көлікпен барудан тартына тұру жөнінде өз азаматтарын құлағдар етіп қойды.
Ресей Украинаға жаппай басып кірген соң Еуропа одағы Ресейге 11 пакет санкция салған. Еуропа одағы санкцияның негізгі мақсаты - Ресей билігінің соғысты қаржыландыру мүмкіндігін шектеу деп есептейді.
ПІКІРЛЕР