Accessibility links

WSJ: АҚШ пен Ресейдің тұтқын айырбастау туралы келіссөзінде Навальный да аталған


Вадим Красиков
Вадим Красиков

Ресей мен АҚШ тұтқын алмасу жөнінде келіссөз жалғастырып жатыр. Айырбасталатын тұтқындар арасында Ресей түрмесіндегі оппозиционерлердің, оның ішінде Алексей Навальныйдың да аты аталған. Бұл жөнінде Wall Street Journal материалында айтылған, журналистер Батыс елдерінің аты аталмаған шенеуніктеріне сілтеме жасаған.

Мақалаға қарағанда, Мәскеу бірінші кезекте шешендердің бұрынғы дала командирі Зелимхан Хангошвилиді өлтіргені үшін Германияда сотталған Ресей арнаулы қызметінің өкілі болуы мүмкін Вадим Красиковті шығарып алғысы келеді. Келіссөз барысында Ресей "тыңшылық жасады" деп соттаған АҚШ азаматы Пол Уилан мен Wall Street Journal тілшісі Эван Гершковичтің аты аталған.

Алайда айырбас мұнан да күрделі болуы мүмкін. Тізімге "саяси тұтқын" ретінде танылған Ресей оппозиционерлері, мәселен Алексей Навальный да қосылуы ықтимал. Навальныйды таяуда 19 жылға соттап, ерекше режимдегі колонияға жіберген.

Wall Street Journal Красиковті босатып алу жөніндегі тапсырманы Владимир Путиннің өзі берген деп санайды. Бұл мәселемен Ресей қаупсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев айналысып отыр. Ресейде сотталған Бриттни Грайнермен айырбасталған Виктор Бут секілді емес, Красиков АҚШ заңнамасымен тыс жерде, яғни Германия түрмесінде отыр. Бұл жағдай келіссөзді қиындата түседі.

Биыл шілдеде The New York Times газеті АҚШ пен Ресей тұтқын алмасу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. Оны АҚШ президенті Джо Байден де растаған. Айырбасталуы мүмкін тұтқындар тізіміне Ресей оппозиционерлері де кіруі ықтимал екенін The Wall Street Journal алғаш рет хабарлап отыр. Мәскеу бұған әзірге реакция білдірген жоқ.

Вадим Соколов атын жамылған Красиков 2021 жылы желтоқсанда Берлинде сотталған. Сот оны Мәскеу тапсырмасын орындады деп есептеген және 2019 жылы Хангошвилиге Берлинде жасалған қастандықты мемлекеттік терроризм актісі деп бағалаған. Журналистік зерттеуге қарағанда, Красиков "Вымпел" арнаулы бөлімінің ардагері және Ресей федералды барлау қызметінің офицері болуы мүмкін. Мәскеу Хангошвилиді Красиков өлтірген жоқ деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG