Accessibility links

Украина оңтүстігі мен шығысындағы табыстары жайлы және Бахмут бағытындағы шайқас туралы мәлімет таратты


Украина қарулы күштерінің бас штабы өткен тәуліктегі майдан жағдайы туралы хабарлады. Бұл хабарға қарағанда, өткен тәулікте 30-дан астам әскери қақтығыс болған.

"Бахмут бағытында қорғаныс күштері Донецк облысының Клещиевка ауданында қарсыласты ығыстырып, ішінара табысқа жетті. Кескілескен шайқас жалғасып жатыр", - деді Украина қарулы күштерінің бас штабы.

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр телемарафон эфирі кезінде кейінгі аптада украин күштері екі шаршы шақырымды алғанын, оның ішінде Донецк облысының Опытное селосы да бар екенін хабарлады. Оның сөзінше, Бахмут бағытында да Новомайорск, Клещиевка, Андреевка аудандарында "белгілі бір табыстарға жеткен".

Малярдың мәліметіне қарағанда, Бахмут бағытындағы шабуыл кезінде УҚК 49 шаршы шақырымды қайтарып алған.

Малярдың сөзінше, УҚР оңтүстік бағытта 1,5 шаршы шақырымды босатып, Азов теңізіне қарай жылжыған. Ол Запорожье облысының Работино мен Вербовое селолары маңында да ілгері жылжу бар екенін айтты.

Былтыр қыркүйекте Ресей Украинаның Донецк, Запорожье, Луганск, Херсон облыстарын аннексиялағанын мәлімдеген. Бірақ аталған облыстарға толық бақылау орната алмаған. Ресей сайлау органдары бұл аймақтардағы жергілікті билік органдарына сайлау кезінде кремльшіл "Единая Россия" партиясы жеңіске жетті деп мәлімдеген. Украина мен Батыс бұл сайлауды "жалған сайлау және халықаралық құқық нормаларын бұзу" деп есептейді.

Дүйсенбіде Киевке келген Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок былтыр Еуропа одағына мүшелікке өтуге өтініш берген және кандидат статусы бар Украинаға көмектесіп, заң үстемдігін нығайтуға, жемқорлықпен күреске және заңнамасын Еуропа Одағының стандарттарына сәйкестендіруге септескісі келетінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG