Accessibility links

Бір апта бұрын Тоқаевтың баспасөз хатшылығына тағайындалған Нұрмұхамед Байғараев босап қалды


Өткен аптада, қыркүйектің алтысына Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалған Нұрмұхамед Байғараев қызметінен босағанын Facebook парақшасында хабарлады.

Байғараев онысын денсаулығымен байланыстырған.

"Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақ мерзімдік ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті. Медициналық талап қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергі келтіретіні белгілі. Себебі аймақтарға және шетелдерге іссапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз. Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді" деп жазған.

"Басшылық жағдайды түсінді" дейді ол.

35 жастағы Нұрмұхамед Байғараев Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрынғы баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың орынбасары болған. Оның алдында Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Нұрсұлтан Назарбаев құрған "Нұр Отан" партиясының (қазіргі "Аманат" партиясы) үні - "Айқын" газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Биыл қыркүйекте президент әкімшілігіндегі өзгерістер кезінде президенттің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG