Accessibility links

Қырғызстан Жоғарғы соты тәуелсіз журналист Болат Теміровті елден шығару туралы үкімді күшінде қалдырды


Болот Теміров
Болот Теміров

12 қыркүйекте Қырғызстан Жоғарғы соты журналист-зерттеуші Болат Теміровтің адвокатының кассациялық шағымын қарады. Сот хабарына қарағанда, Бішкек қалалық сотының шешімі күшінде қалған.

Азаттық радиосы Қырғыз редакциясына хабарласқан Болат Теміров Жоғарғы сот шешімін алған соң БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі комитетіне шағым түсіретінін айтты.

Қырғызстанның белгілі журналисі Болат Теміров шенеуніктердің жемқорлығын зерттеумен шұғылданатын Temirov Live - журналистер командасының негізін қалаушы.

Теміровті қуғындау 2022 жылы басталған. Қырғыз милициясы журналистер командасының кеңсесін тінтіп, Теміровті қамауға алған. Көп ұзамай ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатқан. Оған дейін Теміров Temirov LIVE ютубе арнасына "Қырғызмұнайгаз" мемлекеттік компаниясының мазут экспортына байланысты күмәнді схемалар бойынша зерттеу жариялаған. Аталған компанияның экспортына Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қымшыбек Тәшиевтің туыстарының қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылған. Болот Теміров сот үкімін "кек қайтару" деп санайды.

2022 жылы 28 қыркүйекте Свердловск аудандық соты журналисті "есірткіні заңсыз сақтады", "мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті" дейтін екі эпизод бойынша ақтаған. Бірақ "жалған әскери билет жасаған", "паспорт алар шақта жалған уақытша куәлік пайдаланған" дейтін айыптар бойынша кінәлі деп санаған, алайда қылмыс мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатқан.

2022 жылы 23 қарашада Бішкек қалалық соты Болат Темірвтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған. Оның орнына прокуратураның ұсынысын ішінара қабылдап, алғашқы инстанциядағы сот шешіміне Болот Теміровті Қырғызстаннан шығарып, Ресейге жіберу туралы пункт қосқан. Осыдан кейін Қырғызстан милициясы оны әуежайға күшпен апарып, Мәскеуге баратын ұшаққа отырғызып жіберген.

Кейбір халықаралық ұйымдар Болат Теміровке байланысты сот үкіміне алаңдаушылық білдірген. Журналисті елден шығару туралы биліктің шешімі Қырғызстанда резонанс тудырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG