Accessibility links

Қазақстан азаматтары "қатысқан" Пхукеттегі тонау: Тайландтан сыртқы істер министрлігіне хабар келмеген


12 қыркүйекте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров әзірге Қазақстанның үш азаматы "қатысқан" Тайландтаға оқиға жайлы тай билігі ресми хабар бермегенін мәлімдеді.

БАҚ-тағы ақпараттарға қарағанда, Тайландтың қауіпсіздік қызметі 5 қыркүйекте аралас жекпе-жекпен (ММА) айналысатын Франция азаматы, арғы тегі шешен Хусейн Асхабов пен оның егізі - Хасанды ұстап, "адам ұрлады, азаптады, тонады" деген күдікпен қамауға алған. Қазақстанның үш азаматы олардың сыбайластары болуы мүмкін деген cөз де айтылған.

Жергілікті БАҚ-тағы болжамдарға қарағанда, Асхабов пен егізі және Қазақстанның үш азаматы Пхукеттегі Италия азаматының виллласына баса-көктеп кірген. Үй иесін байлап тастаған, криптовалюта шоты туралы ақпарат жазылған диск қайда тұрғанын сұрап, азаптаған. Италия азаматы ондай шотының жоқтығын айтқан. Содан соң байлаулы күйде тастап, вилладан шығып кеткен. БАҚ зардап шеккен адамның құжаттары, қымбат сағаты, ноутбугы және смартфоны ұрланғанын жазған. Виллаға басып кіргендер Италия азаматының нақты ақшасы мен банк картасын және сейф паролін де ала кеткен.

Ақпараттарға қарағанда, Қазақстанның үш азаматы Пхукеттен Дубайға ұшып үлгерген. Олар 12 миллион бат (шамамен 337 мың доллар) ала кетіп, Қазақстанға оралған болуы да мүмкін.

Бұл оқиға жайлы жазған Қазақстан мен Ресей медиалары The Phuket News сайтына ғана сілтеме жасаған. Бірақ Тайланд билігінің ресми түсініктемесе жоқтығын айтқан.

"Біз тай билігінен ресми түрде ақпарат алған жоқпыз" деді бүгін, 12 қыркүйекте Астанадағы брифингте сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

"Шетелдегі дипломаттар мен консулдардың бір міндеті - консулдық, құқықтық жәрдем көрсету. Бірақ қорғаушы ретінде сотқа қатысуға, тергеуге араласуға құқығы жоқ" деді ол. Смадияровтың сөзінше, тергеуді оқиға болған елдің қауіпсіздік органдары жүргізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG