Мароккода жер сілкінісінен қаза болғандар 2862 адамға жетті, 2562 адам жарақаттанған. Бұл жөнінде Reuters жазды. Ғалымдар 9 қыркүйекке қараған түні Мароккода болған жер сілкінісін кейінгі жүз жылда болмаған ең ірі зілзала деп бағалап отыр.
БҰҰ Балалар қорының мәліметінше, жер сілкінісі шамамен 100 мың баланың өміріне зардабын тигізген. Ұйым өкілдері зілзаладан қанша баланың қаза болғанын және жарақаттанғанын білмейтінін айтты.
"2022 жылғы мәлімет бойынша Марокко халқының үштен бірін балалар құрайды" деді ЮНИСЕФ өкілдері.
Жер сілкінісі болған аудандардың көбі баруға қиын аймақта орналасқандықтан билік нақты қанша адамның із-жүзсіз жоғалғанын айтпады. Іздеу-құтқару операцияларына Испания, Ұлыбритания және Катар қосылған.
6,8 магнитудалы жер сілкінісі 9 қыркүйекке қараған түні Африканың солтүстік-батысында болған. Зілзаладан Эль-Хауз, Чичауа және Тарудант провинциялары көбірек зардап шеккен. Үйлері қирап, баспанасыз қалған кейбір тұрғындарға палаткалар тігілген.
8 қыркүйекте Марокко королі Мұхаммед VI елде үш күндік қаралы күн жариялады.