Accessibility links

Үкімет отырысына тек есеп беретін министрлер келетін болды, журналистер бұған наразы


БАҚ өкілдері үкімет мүшесіне сұрақ қойып тұр. Азаттық архивіндегі сурет.

Қазақстанда апта сайын өтетін үкімет жиынына өзгеріс енгізілді. Енді үкімет отырысына бекітілген тақырып бойынша есеп беретін министрлер ғана келеді, ал қалғаны онлайн қатысады. Журналистер мұны сөз еркіндігін шектеу деп бағалады. Үкімет мұнымен келіспейді.

Өзгеріс туралы Азаттық тілшісі мен басқа да журналистер 13 қыркүйекте үкімет жиынына барған кезде бір-ақ естіген. Үкіметтің баспасөз қызметі жаңа шешім "журналистер мен министрлердің ара-қатынасын, тиімділігін арттыру үшін қабылданды" деді.

Бұған дейін жиынға үкімет құрамы толық қатысатын, министрлердің өзі немесе олардың орынбасарлары келетін. Ал үкімет отырысынан кейін журналистер министрлерге сұрақ қойып, қажет жауап ала алатын. Енді ондай мүмкіндіктен айрылған кей журналистер жаңа тәртіпке наразылығын білдірді. Үкіметтің бапасөз қызметі оларға "құқықтарыңыз шектелген жоқ, сұрақ қоя аласыздар" деді.

Бүгін үкімет отырысына қатысқан қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистер сұрағына жауап беруге шықпады. Жиынға келген тілшілер министрді күткенімен, ол басқа есіктен шығып кеткенін кейін бір-ақ білді.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа шешімді құптады. Ол Facebook-тегі парақшасына: «Министрлер ай сайын саланың өзекті мәселелері бойынша журналистерге арналған брифинг өткізеді. Бұл процедура барлық БАҚ өкілдерінің ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ететініне сенімдімін» деп жазды.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы түзетін бүкіләлемдік баспасөз бостандығы индексі рейтінгінде Қазақстан 134-орында тұр. Ұйым өкілдері Қазақстанда "ақпаратқа қол жеткізу құқығы шектелген", "үкімет ақпарат кеңістігін бақылауда ұстағысы келеді", "журналистер цензурадан зардап шегіп отыр" деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG