Accessibility links

Белсенді Марғұлан Боранбаевты түрмеде ұрып-соққан деген хабар тарады. Билік жоққа шығарды


Қазақстандағы түрмелердің бірі. Азаттық архивіндегі сурет.

Әлеуметтік желіде қазір Өскемен қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Марғұлан Боранбаев соққыға жығылған деген ақпарат тарады. Бұл жөнінде белсенді Серікжан Мәмбеталин Facebook-парақшасында хабарлады. Ол Боранбаевтан жұма, 8 қыркүйектен бері хабар жоғын айтып, қамаудағы белсендіні сол күні ұрып-соққан болуы мүмкін деп топшылайды.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи егер ақпарат расталса, оған бұған дейін өзі бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауалға қосып жолдаған, Боранбаевтың түрмеден жазған хаты себеп болуы мүмкін деген ойын айтты.

Сәрсенбі күні Бапи Боранбаевтың түрмедегі "жемқорлық" жөнінде 4 қыркүйекте жазған хатын да жариялаған. Өскемендегі РГУ-17 түзеу колониясының әкімшілігін айыптаған белсендінің хатында "жемқорлық әрекеті мекеме мен жазасын өтеп жатқандарға мемлекеттен азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек пен өзге де материалдық құнды заттарға деп бөлінген қаражаттың аса ірі көлемде үнемі ұрланып жатқанынан көрінетіні" айтылған.

Хатта түзеу колониясында сотталғандардың құқықтары тапталатыны, оған қоса, бюджет қаражаты талан-таражға түскені сөз болады. Белсенді Шығыс Қазақстан облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) №17 мекеме әкімшілігінің жұмысын тексеруді өтінген.

Депутат әлеуметтік желіде постын жариялағаннан кейін бірнеше сағат өткенде ІІМ жанындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Facebook-тегі парағына "тараған ақпарат шындыққа жанаспайды" деген мәлімдеме жариялады.

"Мекеменің медицина қызметкерлері жаза өтеушінің денесінде жарақат бар-жоғын тексерді. Бұған қоса ол адам желіде тараған ақпаратқа қатысы жоғын жазбаша түрде түсіндірді. Мекеме әкімшілігіне ешқандай шағымы жоқ" делінген ҚАЖК хабарламасында.

Билік орындары азаматтық белсенді Марғұлан Боранбаевты 2020 жылы күзде уақытша ұстау изоляторына қамап, кейін үйқамаққа ауыстырған. 2022 жылғы 14 наурызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты оны 2018 жылдан бастап әлеуметтік желіде "ұлтаралық және әлеуметтік араздық қоздыратын", "орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысына тиетін жазбалар жариялағаны" үшін айыпты деп танып, бес жылға соттаған. Бұған қоса сот белсендіге БАҚ және телекоммуникация желісін пайдаланып қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына үш жыл мерзімге тыйым салған.

Белсенді әлеуметтік желіде ресейлік шенеуніктердің Қазақстан жөнінде айтқан сындарына қарсы пікір білдіріп, Қазақстанның Ресеймен интеграциясына қарсы екен айтқан және Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынаған. Боранбаев әлеуметтік желіде жазбаларды жазғанын мойындаған, бірақ өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген.

2022 жылы шілде айында Алматының апелляциялық сот алқасы Марғұлан Боранбаевтың бірінші инстанциядағы сот үкіміне берген шағымын қанағаттандырмай тастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG