Амур облысындағы "Восточный" айлағында Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын арасында келіссөз өтті. Кездесу "Союз-2" техникалық кешенінің инженерлік корпусының залында болды деп хабарлады "Коммерсант" басылымы.
Халықаралық санкция қыспағында қалған Солтүстік Кореяға санкцияның басым бөлігін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі салған. Пхеньянға шектеу қоюды Ресей де қолдаған.
ТАСС агенттігінің жазуынша, Путин айлаққа Приморье аймағынан ұшып келген. Бұған дейін ол сонда өткен Шығыс экономикалық форумына қатысқан. Ал Солтүстік Корея басшысының пойызы ракета-тасығыштың сынақ корпусы алаңына тоқтаған.
Келіссөздің басында Путин мен Ким "Ангара" ракета-тасығышын құрастыру жұмысы барысымен танысты. "Ангара" ракетасын ұшыру 2023 жылға жоспарланған. Ракета 24 тоннадан астам жүкті Жер орбитасына шығара алады. Путин мен Ким сонымен бірге ғарыш аппараттарын орбитаға шығаратын "Союз-2" ракета-тасығышын ұшыру кешенін де аралаған.
"Интерфакстың" жазуынша, Ким Чен Ын көп сұрақ қойған, әсіресе ракета отыны туралы мәліметті көп білгісі келген.
"Мәскеу Пхеньянға ғарыш спутниктерін құрастыруға көмектесе ме?" деген сұраққа Путин Ким Чен Ын сол үшін "Восточный" айлағына келді деді.
"Солтүстік Корея жетекшісі ракета техникасына үлкен қызығушылық білдіріп отыр, олар ғарышты да дамытуға күш салып жатыр" деп ТАСС агенттігі Путиннің сөзінен үзінді келтіреді.
Бұған дейін New York Times басылымы Ким Ресейден ғарыш технологиясы және суасты кемелер сонымен бірге азық-түлік бойынша көмек алғысы келеді деп жазған. Батыс елдерінің барлау қызметінің хабарлауынша, Ресейге Солтүстік Кореядан Украинамен соғыста қолдануға болатын оқ-дәрі мен снарядтар керек.
13 қыркүйекте Солтүстік Корея екі баллистикалық ракетасын сынақтан өткізді деп хабарлады, Жапония қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенген NHK арнасы. Ақпаратқа қарағанда, Жапон теңізіне қарай жіберілген ракеталар 13 қыркүйекте Жапония экономикалық аймағынан тыс жерге түскен.