Accessibility links

"Ақтөбе" футбол клубының басқарма төрағасы Сергей Куленко қызметінен кетті


Еуропа лигасы іріктеу кезеңіндегі "Ақтөбе" (Қазақстан) - Хедд (Норвегия) ойынынан кейінгі сәт. Футболшылар жергілікті жанкүйерлерге алғысын білдіріп жатыр. 2013 жыл.
Еуропа лигасы іріктеу кезеңіндегі "Ақтөбе" (Қазақстан) - Хедд (Норвегия) ойынынан кейінгі сәт. Футболшылар жергілікті жанкүйерлерге алғысын білдіріп жатыр. 2013 жыл.

«Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасы Сергей Куленко қызметінен кетті. Бұл туралы сәрсенбінің кешінде клубтың баспасөз қызметі хабарлады. Клуб Сергей Куленконың «Ақтөбедегі» лауазымын босатқаны туралы қысқаша ғана хабарлама таратқан. Не себепті қызметінен кеткенін түсіндірмеген.

Сергей Куленко - «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры қызметіне 2023 жылғы маусым айында келген. Ресейлік маман «Ақтөбеге» келер-келместен жанкүйерлер наразылығына тап болды.

Биыл шілденің соңында Азаттықтың Грузин қызметі мен қазақстандық сайттар "Ақтөбе" клубы Кутаисидің "Торпедо" командасымен ойнау үшін Грузияға ұша алмай қалғанын жазған. Ақпараттардың бірінде "Ақтөбе" командасы Грузияға ұшпақ болған ұшаққа санкция салынғандықтан футболшылар Кутаисиге дер кезінде аттана алмағаны айтылған.

Ақтөбенің «13-сектор» фанаттар қозғалысы биыл 3 тамыз күні Грузияның «Торпедо» командасымен болған ойын кезіндегі жеңіліске де Куленконы кінәлаған болатын. Ақтөбелік жанкүйерлер Куленконы «келе сала жергілікті танымал футболшылармен келісімшартты бұзып, командаға ресейлік спортшыны тартты» деп сынады. Биыл шілдеде «Ақтөбе» футбол клубы Тула мен Мәскеуде ойнап жүрген Роман Изотовпен келісімшарт жасасқан.

18 тамыз күні УЕФА Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясындағы матч та мыңдаған жанкүйердің наразылығымен аяқталды. Сол күні «Ақтөбе» футбол клубы Румынияның «Сепси» командасынан 0-1 есебімен жеңілді. Матч соңында мыңдаған жанкүйер стадионды басына көтере айғайлап, «Куленко, аут» деп наразылық білдірді.

Румынияның «Сепси» командасымен өткен бұл матчқа «13-сектор» фанаттар қозғалысы мүлдем келмей қалды. Куленкоға наразылық білдіріп, матчқа қатыспайтынын «13-сектор» күні бұрын хабарлаған. Матч қарсаңында журналистерге сұқбат берген Сергей Куленко «13-сектор» наразылығын «бас директор орнына көз тіккендердің манипуляциясы» деп атаған болатын.

56 жастағы Сергей Куленко Ақтөбе облысында туған. Мансабын жергілікті спорт клубтарында бастап, 2000-шы жылдары Ресейге көшкен. «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағалығына келмес бұрын Тула мен Мәскеудегі спорт ұйымдарында қызмет атқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG