Accessibility links

"Медуза" жетекшісінің телефонынан тыңшылық бағдарламасы табылды. Мәскеудің одақтастары күдікке ілінді


Ресейлік журналист Галина Тимченко
Ресейлік журналист Галина Тимченко

"Медуза" сайтының негізін қалаушы әрі жетекшісі Галина Тимченконың телефонына Pegasus тыңшылық бағдарламасы орнатылған. Бұл жөнінде Access Now ұйымы хабарлады. Ұйымның мәлімдемесінде, бірнеше мемлекет арасында, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Еуроодақтың бірнеше елі бар, күдікке ілінгені жазылған.

Ақпаратқа қарағанда, Тимченконың телефонының бұзылғанын 22 маусымда Apple корпорациясы ескерткен. "Медуза" редакциясы Access Now-дан көмек сұраған, олар құрылғыны зерттеп, бұзылғанын растаған.

Access Now-дың хабарлауынша, Ресей билігі "Медузаны" "ұнамсыз ұйымдар" қатарына қосқаннан кейін екі аптадан соң журналистің телефоны бұзылған. Ақпаратқа қарағанда, Pegasus бағдарламасы алғаш рет ресейлік журналистке қарсы қолданылып отыр.

Access Now-дың мәліметінше, телефонға тыңшылық бағдарламасы 2023 жылы 10 ақпанда орнатылған. Ол кезде Тимченко Берлинде болған.

NSO Group мәліметінше, Pegasus-ты тек мемлекеттік органдар сатады, алайда қолдағы мәліметтерге қарап, нақты қай елден келгенін ажырату мүмкін емес. ЕО аумағында аталған бағдарлама кемінде 14 ел және 22 ведомстводан табылған. Хабарламада өзге елдермен қатар Ресейдің одақтастары да күдікке ілінгені жазылған.

"Медузаны" Ресейдің өтінішімен оның одақтастары – Әзербайжан, Қазақстан немесе Өзбекстан бұзған болуы мүмкін" деп жазылған мәлімдемеде.

"Медуза" оқырмандарына арнап жазған хатында Галина Тимченко өзіне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын, себебі телефонында ешқандай жеке дерек болмағанын атап өткен.

Телефонның бұзылуына Қазақстан билігінің қатысы болуы мүмкін деген болжамға қатысты ресми Астана әзірге түсініктеме берген жоқ. Қазақстанда ұзақ жылдардан бері "Медуза" сайты жабық және VPN сияқты бұғаттауды айналып өту құралдарының көмегімен ғана ашылады.

2021 жылы Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) бастаған бір топ медиа ұйым "тыңшылық бағдарламамен кибераңду" жөнінде ірі зерттеу жариялаған. Зерттеуге сәйкес, кибераңдуға қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалар (оның арасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар, болжам бойынша оның телефоны сенат спикері болып тұрған кезде тыңдалған болуы мүмкін) мен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев айналасындағы адамдар ұшыраған. Кейін тыңшылық бағдарламасы қазақстандық кейбір журналистер мен кәсіпкерлер, белсенділердің телефонына орнатылғаны белгілі болды.

XS
SM
MD
LG